Түркістан облысының Кәсіпкерлер палатасында өңірдегі маңызды инвестициялық жобалардың бірі – «Avatar Agricultural Technology Development» ЖШС-нің агродрон өндірісін іске қосу барысында туындаған әкімшілік кедергілерді талқылауға арналған жұмыс кеңесі өтті.
Сауран ауданында орналасқан ауыл шаруашылығына арналған Avatar AD80 агродрондарын өндіретін кәсіпорын құрылысын толық аяқтап, өндірісті іске қосуға дайын. Алайда жоба мемлекеттік органдар арасындағы рәсімдердің өзара байланысына қатысты әкімшілік тосқауылдарға тап болған.
Атап айтқанда, Азаматтық авиация әкімшілігі кәсіпорын Қазақстандық тауар өндірушілер тізіліміне (ҚТӨ) енгізілмегендіктен өндірістік инспекцияны жүргізуден бас тартқан. Ал кәсіпорын ҚТӨ тізіліміне өтінім бере алмай отыр, себебі өндірілетін өнім қолданыстағы отандық тауар өндірушілер кодтарының тізбесіне енгізілмеген. Осыған байланысты кәсіпорын Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне тиісті өзгерістер енгізу жөнінде ресми өтініш жолдап, қазіргі таңда мәселе Комитеттің қарауында.
Жобаны инвестициялық сүйемелдеу аясында Түркістан облысының Кәсіпкерлер палатасы мәселені жедел қарауға алып, оны шешу мақсатында арнайы жұмыс тобын құрды. Кеңеске Палата басшылығы, салалық бөлім мамандары, кәсіпорын өкілдері қатысып, онлайн форматта «Атамекен» ҰКП Сертификаттау департаментінің директоры мен «Avatar Agricultural Technology Development» ЖШС-нің заңгері Zoom платформасы арқылы қосылды. Кездесу барысында қолданыстағы заңнамалық шарттар жан-жақты талданып, мәселені қысқа мерзімде шешудің нақты құқықтық және ұйымдастырушылық жолдары қарастырылды.
Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев инвестициялық жобаларды сүйемелдеу Палатаның басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.
«Бұл жоба – өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттырып қана қоймай, ауыл шаруашылығын цифрландыруға серпін беретін жоғары технологиялық өндіріс. Зауыт толық дайын тұрған кезде әкімшілік рәсімдердің салдарынан өндірістің кешігуіне жол беруге болмайды. Палата бұл мәселені ерекше бақылауға алып, орталық мемлекеттік органдармен және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп қажетті жұмыстарды жүйелі түрде жүргізетін болады. Инвесторлардың құқықтарын қорғау және олардың жобаларын уақытылы іске асыру – біздің басты міндетіміз», – деді Палата директоры.
Өз кезегінде Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасының Салалық даму және инвестициялық жобаларды сүйемелдеу бөлімінің басшысы Гүлназ Есетова жұмыс тобының алдағы міндеттеріне тоқталды.
«Бүгінде мәселені шешудің құқықтық алгоритмі нақтыланды. Палата тарапынан әрбір мемлекеттік органмен өзара іс-қимыл жүргізіліп, қажетті ұсыныстар әзірленуде. Сонымен қатар орталық аппаратпен бірлесіп СЭҚ ТН кодын Қазақстандық тауар өндірушілер тізіліміне енгізу процесін жеделдету және Авиациялық әкімшілікпен өндірістік инспекцияны қатар жүргізу мүмкіндіктері қарастырылып жатыр. Жоба толық сүйемелдеуде болады және оң нәтижеге дейін бақылауда болады», – деді бөлім басшысы.
Кездесу қорытындысы бойынша құрылған жұмыс тобына нақты міндеттер жүктеліп, уәкілетті мемлекеттік органдармен үйлестіру жұмыстарын күшейту туралы шешім қабылданды. Түркістан облысының Кәсіпкерлер палатасы аталған инвестициялық жобаны толық сүйемелдеуді жалғастырып, кәсіпорынның заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізетін болады.





