
Бүгін Түркістан облысының Кәсіпкерлер палатасында Қытайдың «Био Қоған» ЖШС өкілдерімен жұмыс кездесуі өтті. Кездесудің негізгі мақсаты – өңірдің агроөнеркәсіп кешеніне заманауи технологияларды енгізу, инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту және ауыл шаруашылығы саласында бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін қарастыру.
«Био Қоған» ЖШС ауыл шаруашылығы саласына арналған феромондық тұзақтарды, сондай-ақ өсімдіктерді зиянкестер мен арамшөптерден қорғауға арналған инновациялық препараттарды әзірлеп, өндірумен айналысатын халықаралық тәжірибесі бар компаниялардың бірі. Компания ұсынатын технологиялар егіс алқаптарының өнімділігін арттыруға, химиялық препараттарды тиімді пайдалануға және экологиялық қауіпсіз өндірісті дамытуға бағытталған.
Кездесу барысында Түркістан облысында аталған өнімдер мен технологияларды енгізу, тәжірибелік жобаларды іске асыру, аграрлық кәсіпорындармен әріптестік орнату және инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері жан-жақты талқыланды. Сонымен қатар тараптар өңірдің аграрлық әлеуеті, экспорттық мүмкіндіктері және жаңа өндірістерді дамыту бағытында пікір алмасты.
Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев мұндай кездесулердің өңір экономикасы үшін маңызы зор екенін атап өтті.
«Бүгінде Түркістан облысы ауыл шаруашылығы саласында еліміздегі жетекші өңірлердің бірі саналады. Сондықтан халықаралық компаниялардың заманауи технологиялары мен инновациялық шешімдерін өңірге тарту – уақыт талабы. Кәсіпкерлер палатасы инвесторлар мен жергілікті бизнес арасында тиімді диалог орнатып, бірлескен жобалардың жүзеге асуына жан-жақты қолдау көрсетуге дайын. Біз үшін басты мақсат – кәсіпкерлердің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін жаңа деңгейге көтеру», – деді Асылан Ибадуллаев.
Кездесу қорытындысында тараптар ұзақ мерзімді серіктестік орнатуға мүдделі екендіктерін білдіріп, бірлескен жобаларды пысықтау жұмыстарын жалғастыруға уағдаласты.
Айта кетейік, Түркістан облысының Кәсіпкерлер палатасы өңірге инвестиция тарту, халықаралық әріптестікті дамыту және кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырып келеді. Мұндай кездесулер өңірде инновациялық өндірістерді дамытуға, ауыл шаруашылығына озық технологияларды енгізуге және жаңа инвестициялық жобалардың жүзеге асуына серпін береді.






