

«Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында Түркістан облысында өндірілетін бірегей жергілікті өнімдер енді қаладағы сауда сөрелерінен орын алды. Бұл бастама өңір кәсіпкерлерінің өнімдерін кеңінен насихаттап қана қоймай, олардың нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және тұтынушыларға сапалы отандық өнім ұсынуға бағытталған.
Жобаны Қазақстан Республикасы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы іске асырып келеді.
Бүгінде Түркістан облысының «Бір ауыл – бір өнім» жобасының финалистері өндірген бірнеше өнім қаладағы сауда орындарының сөрелеріне қойылып, тұрғындарға ұсыныла бастады. Олардың қатарында Отырар ауданында өндірілетін FRUTOS сублимациялық кептірілген жемістері мен жидектері бар. Арнайы вакуумдық сублимация технологиясы арқылы дайындалатын өнімдер құрамындағы дәрумендерін сақтап, химиялық қоспасыз табиғи қалпында тұтынушыға ұсынылады.
Сондай-ақ Арыс қаласында өндірілетін табиғи бал да сауда сөрелерінен орын алды. Ферула, жыңғыл, түйе тікені және өзге де дәрілік өсімдіктердің нәрінен жиналған бұл өнім ерекше дәмімен және пайдалы қасиеттерімен ерекшеленеді.
Кентау қаласының кәсіпкері өндіретін «Адал үй шұжығы» брендімен шығарылатын жылқы және сиыр етінен дайындалған шұжық та сатып алушыларға жол тартты. Өнім табиғи құрамымен, ұлттық рецепт бойынша дайындалуымен және соя мен генетикалық түрлендірілген қоспалардың қолданылмауымен ерекшеленеді.
Сонымен қатар жоба аясында өндірілген ұлттық тағамдардың бірі – табиғи құрт пен сарымай да сауда сөрелеріне қойылып, тұтынушылардың сұранысына ұсынылды. Жергілікті шикізаттан дайындалған бұл өнімдер қазақтың дәстүрлі тағамдарын дәріптеп, өңірдің азық-түлік брендтерін дамытуға үлес қосуда.
Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының бастамасымен жүзеге асқан бұл жұмыс жергілікті өндірушілердің өнімдерін нарыққа шығарудағы маңызды қадамдардың бірі саналады. Сауда сөрелеріне қойылған тауарлар кәсіпкерлердің сату көлемін арттырып қана қоймай, «Түркістанда жасалған» өнімдердің танымалдығын күшейтуге мүмкіндік береді.
Бүгінде «Бір ауыл – бір өнім» жобасы өңір кәсіпкерлері үшін жаңа мүмкіндіктер алаңына айналып отыр. Жоба аясында кәсіпкерлер өнімді жетілдіру, бренд қалыптастыру, қаптаманы әзірлеу, маркетинг және көрме-жәрмеңкелерге қатысу бойынша кешенді қолдауға ие болады. Ал жергілікті өнімдердің сауда желілеріне шығуы – осы жұмыстың нақты нәтижесі әрі өңір экономикасын дамытуға қосылған маңызды үлес.






