Шымкент қаласындағы Қазақстан халқы Ассамблеясының Достық үйінде Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басқармасының ұйымдастыруымен азаматтық қоғам өкілдері, кәсіпкерлер, қоғамдық бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдардың қатысуымен кездесу өтті.
Жиынның негізгі мақсаты – «Заң және тәртіп» қағидатын елдің экономикалық қауіпсіздігі тұрғысынан түсіндіру, сондай-ақ тұрғындардың экономикалық, құқықтық және салықтық сауаттылығын арттыру болды.
– Қазір Қаржылық мониторинг агенттігінің жұмысында басымдықтар біршама өзгерді. Бұрынғыдай тек құқықбұзушылықтарды анықтап, кінәлілерді жауапқа тартуға ғана емес, олардың алдын алу мен профилактикаға ерекше мән берілуде. Сондықтан халыққа жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізуге басымдық беріліп отыр. Оның ішінде салық заңнамасына қатысты мәселелер де бар. Бүгінгі кездесуде әділетсіз бәсекелестік пен баға қалыптастыруға қатысты сұрақтар көтерілді. Кейбір тауарлар контрабандалық жолмен әкелініп, салықтан жалтару есебінен олардың бағасы заңды түрде өндірілген немесе импортталған өнімдерден әлдеқайда арзан болады. Соның салдарынан заң талаптарын сақтап жұмыс істейтін кәсіпкерлер шығынға ұшырайды. Егер кәсіпкерлерде қылмыстық әрекеттерге негізделген демпинг фактілері болса, бізге жеке хабарласуға кеңес бердік. Ол үшін міндетті түрде арыз жазудың қажеті жоқ, біз түскен мәліметтердің өзін тексере аламыз, – деді Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басқармасының басшысы Дәурен Тұрғынбай.
Кездесу барысында үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мемлекет тарапынан берілетін біржолғы төлемдердің тоқтатылуына қатысты мәселеге назар аударды. Соның салдарынан шамамен үш мың адам аталған төлемнен қағылған. Бұл мәселе де Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қарауына алынатын болды.
Жиынға қатысушылар азаматтардың құқықтарын қорғау және заң талаптарын сақтау тақырыбындағы ақпараттарды әлеуметтік желілер арқылы кеңінен насихаттауды ұсынды. Олардың пікірінше, осындай кездесулерді тікелей эфирде көрсету арқылы әлдеқайда көп адамды қамтып, құқықтық сауаттылықты арттыруға мүмкіндік туады. Дегенмен, бұл бағытта белгілі бір заңнамалық шектеулер бар. Атап айтқанда, жедел қызметке қатысты кейбір мәліметтерді көпшілікке жариялауға болмайды. Өйткені, Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабы сотқа дейінгі тергеп-тексеру материалдарын жария етуге тыйым салады.
Экономикалық тергеп-тексеру департаменті қызметкерлерінің айтуынша, кейбір кәсіпкерлер түрлі тәсілдер арқылы төленетін салық көлемін азайтуға тырысады. Осыған байланысты құқық қорғау органдары қолданыстағы салықтық бақылау тетіктері арқылы заңсыз схемаларды анықтап отырғанын түсіндірді. Бұдан бөлек, кәсіпкерлердің қызметін талдау барысында жасанды интеллект мүмкіндіктері де енгізілуде. Бұл заңсыз табыс табу немесе салықтан жалтару әрекеттерін анықтаудың тиімділігін арттырады. Осылайша, мамандар кәсіпкерлерді заң талаптарын бұзудан сақтандырып, мұндай әрекеттердің құқықтық және қаржылық салдары ауыр болатынын ескертті.


