




Бүгін Кентау қаласында Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің Кентау қаласы мен Сауран ауданы кәсіпкерлерін жеке қабылдауы өтті. Кездесудің басты мақсаты – өңірдегі кәсіпкерлердің өзекті мәселелерін тыңдап, оларды шешу жолдарын қарастыру, мемлекеттік органдар мен бизнес қауымдастық арасындағы ашық диалогты дамыту.
Іс-шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек, Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрағасы Нұралы Әбішов, Өңірлік кеңес мүшелері, Кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев, сондай-ақ облыстық басқармалар мен жауапты мемлекеттік органдардың басшылары қатысты.
Жиын барысында Кентау қаласы мен Сауран ауданынан келген кәсіпкерлер өздерінің өндірістік және инфрақұрылымдық мәселелерін көтерді. Атап айтқанда, газ және электр желілеріне қосылу, ауыз және техникалық су тапшылығы, индустриалды аймақтардағы инженерлік инфрақұрылымды жетілдіру, теміржол логистикасын дамыту, суару жүйелерін жаңғырту, сондай-ақ қазақстандық тауар өндірушілер тізіліміне енгізу рәсімдерін оңтайландыру мәселелері талқыланды.
Сауран ауданынан келген кәсіпкерлер демалыс аймақтарын газдандыру, өндірістік алаңдарға баратын жолдардың сапасын жақсарту, ауыл шаруашылығы саласындағы электр қуаты тапшылығын шешу және өндірістік кәсіпорындарды сумен қамту мәселелерін көтерді. Сонымен қатар, кәсіпкерлер «Қазақстандық тауар өндірушілерінің тізілімі» цифрлық платформасы арқылы өтінімдерді қарау мерзімдерін қысқарту қажеттігін жеткізді.
Ал Кентау қаласының кәсіпкерлері Қарнақ ауылындағы «Таза арық» каналына күрделі жөндеу жүргізу, индустриалды аймақтағы су, кәріз және газ желілерін толық қамтамасыз ету, сондай-ақ өндірістік кәсіпорындардың логистикалық әлеуетін арттыру мақсатында теміржол инфрақұрылымын дамыту мәселелерін көтерді.
Кездесу барысында әрбір мәселе бойынша жауапты мемлекеттік органдар мен мекемелердің өкілдері түсіндірме беріп, көтерілген ұсыныстарды жүзеге асырудың нақты тетіктері талқыланды. Барлық ұсыныстар мен мәселелер хаттамаға енгізіліп, олардың орындалуы Өңірлік кеңестің бақылауына алынатын болды.
Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрағасы Нұралы Әбішов кәсіпкерлердің мәселелерін шешу өңір экономикасының тұрақты дамуы үшін маңызды екенін атап өтті.
«Өңірлік кеңестің басты міндеті – кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдар арасындағы тиімді байланысты қамтамасыз ету. Бизнес өкілдері көтерген әрбір мәселе біздің жіті назарымызда болады. Себебі кәсіпкерліктің дамуы – жаңа жұмыс орындарының ашылуы, инвестиция тарту және өңір экономикасының өркендеуі деген сөз. Бүгін көтерілген барлық мәселелер бойынша нақты жұмыстар жүргізіліп, олардың оң шешімін табуына қолдау көрсетеміз», – деді Нұралы Әбішов.
Жеке қабылдау аяқталғаннан кейін Өңірлік кеңес мүшелері өңірдегі өндірістік әлеуетпен танысу мақсатында бірқатар кәсіпорындарды аралады. Атап айтқанда, темір конструкцияларын өндіретін «Айдар Строй Групп» ЖШС және оптикалық кабель шығаратын «Kentau Cable Industries» ЖШС кәсіпорындарының жұмысымен танысып, өндіріс барысын көрді.
Мұндай кездесулер кәсіпкерлердің нақты мәселелерін жергілікті жерде талқылап, оларды шешудің тиімді жолдарын айқындауға мүмкіндік береді. Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы алдағы уақытта да аудан-қалалардағы кәсіпкерлермен тұрақты түрде кездесулер өткізіп, бизнес қауымдастықтың ұсыныстары мен бастамаларын қолдауды жалғастырады.





