Түркістан қаласындағы олимпиадалық стандартқа сай ескек есу арнасында триатлоннан супер-спринт қашықтығы бойынша Elite санаты және U23, U19, U17, U15, U13 жас ерекшеліктері арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты басталды.
Орта Азияда теңдесі жоқ, халықаралық талаптарға сай салынған ескек есу каналы еліміздің спорт инфрақұрылымындағы бірегей нысандарының бірі саналады. Заманауи кешен республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстарды жоғары дәрежеде өткізуге толық мүмкіндік береді. Мұнда спортшылардың қауіпсіздігі, жаттығу сапасы және жарыс өткізу стандарты халықаралық талаптарға сай қамтамасыз етілген.
Ел чемпионатына Астана және Алматы қалаларынан, Атырау, Ақмола, Жамбыл, Қостанай облыстарынан, сондай-ақ Шымкент қаласы мен Түркістан облысынан келген 150-ге жуық спортшы қатысуда. Байрақты бәсекеде еліміздің үздік триатлоншылары өзара мықтыны анықтап, жоғары дайындық деңгейін көрсетуде. Жарысқа қатысушылар арасында тәжірибелі спортшылармен қатар жасөспірімдер де бар, бұл чемпионаттың бәсекелестік деңгейін одан әрі арттыра түсті.
Жарыстың салтанатты ашылу рәсіміне Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров пен Қазақстан триатлон федерациясының бас хатшысы Сергей Майер қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі. Олар триатлон спортының елімізде қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, бұл жарыстың жас спортшылар үшін үлкен тәжірибе алаңы екенін жеткізді.
9–10 мамыр күндеріне жоспарланған ел чемпионатының алғашқы жарыс күнінде жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды. Нәтижесінде Түркістан облысының спортшылары жоғары нәтиже көрсетіп, облыс қоржынына 5 медаль еншіледі.
Elite санатында ерлер арасында Егор Крупяков қола жүлдеге ие болса, әйелдер арасында Надежда Бегмаганбетова да қола медаль жеңіп алды. Сонымен қатар, U23 жас санатында Даяна Карим қола медаль иеленді. U19 санатында Матвей Шевнин күміс жүлдегер атанса, U17 жас ерекшелігінде Мұрат Әлхам күміс медальға қол жеткізді.
Осылайша, жарыстың алғашқы күнінің қорытындысы бойынша түркістандық спортшылар 2 күміс және 3 қола медаль еншіледі. Бұл көрсеткіш өңір спортшыларының жүйелі дайындық пен кәсіби шеберлігінің, сондай-ақ бапкерлер еңбегінің нәтижесін айқын көрсетеді.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров пен Қазақстан триатлон федерациясының бас хатшысы Сергей Майер арнайы алғыс хаттармен және медальдармен марапаттады. Марапаттау рәсімі барысында спортшыларға жылы лебіздер айтылып, олардың болашақта халықаралық аренада ел намысын абыроймен қорғайтынына сенім білдірілді.
Айта кетейік, ел чемпионатында үздік атанған спортшылар маусым айында Қытайда өтетін Азия чемпионатына жолдама алады. Бұл дода олардың спорттық мансабындағы маңызды кезең болып, халықаралық тәжірибе жинақтауға үлкен мүмкіндік береді.
Рухани шаһардағы Қазақстан чемпионаты 10 мамыр күні өз мәресіне жетеді. Алдағы жарыс күндерінде де спортшылардан жоғары нәтиже күтілуде. Ұйымдастырушылар бұл чемпионаттың еліміздегі триатлон спортының дамуына тың серпін беріп, жас буынның кәсіби деңгейін арттыруға ықпал ететінін атап өтуде.
Сонымен қатар, мұндай халықаралық стандарттарға сай кешенде жарыстар өткізу Түркістанның тек рухани орталық қана емес, сонымен бірге спорттық хаб ретінде де дамып келе жатқанын көрсетеді. Бұл өз кезегінде өңірдің туристік тартымдылығын арттырып, ел спортының беделін көтеруге ықпал етеді.






