Арыс қаласында отбасы құндылықтарын дәріптеу, аналардың қоғамдағы рөлін арттыру және оларға құрмет көрсету мақсатында «ANA FEST – 2026» фестивалі өтті. Ауқымды шара Арыс қаласы «Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» мемлекеттік мекемесіне қарасты «Отбасын қолдау орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен Отбасы күні мен Аналар күніне орай ұйымдастырылды.
Мерекелік шараға қала тұрғындары, көпбалалы аналар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері, ардагерлер мен қоғам белсенділері қатысты. Фестиваль алаңы қазақы нақышта безендіріліп, киіз үйлер тігіліп, көрмелер ұйымдастырылды. Сондай-ақ арнайы фотоаймақтар келушілерге көтеріңкі көңіл күй сыйлап, мерекелік атмосфера қалыптастырды.
Шараның ашылу салтанатында Арыс қаласы әкімінің орынбасары Алмаз Сұлтанов, Арыс қаласы «Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» ММ басшысының орынбасары Ақылбай Құдайберген, қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы Әбдісаттар Жүніс құттықтау сөз сөйлеп, аналардың отбасы мен қоғамдағы айрықша орнына тоқталды. Олар анаға құрмет көрсету – ұлттық тәрбиенің, адамгершілік пен ізгіліктің басты негізі екенін атап өтті.
Фестиваль аясында «Бақытты ана – бақытты отбасы» тақырыбында мотивациялық кездесу ұйымдастырылып, Қазақстан Республикасы «Қазақстан кәсіби медиаторлары мен құқықтық кеңесшілерінің қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің кәсіби медиаторы Жұлдыз Өтегенова қатысушылармен әсерлі кездесу өткізді. Кездесу барысында ананың отбасыдағы рөлі, эмоционалдық күй, өзін-өзі күту, ішкі тепе-теңдік және өмірлік мотивация мәселелері кеңінен қозғалды.
Сонымен қатар, көпбалалы аналар мен «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлеріне ерекше құрмет көрсетіліп, гүл шоқтары мен алғыс хаттар табысталды. Бұл – аналардың қоғамға қосқан үлесін бағалаудың және олардың еңбегіне деген ризашылықтың айқын көрінісі болды.
Мерекелік кештің көркін жергілікті өнерпаздардың орындауындағы ән, би және күй бағдарламалары аша түсті. Сахнада ұлттық өнердің түрлі үлгілері көрсетіліп, көрермендерге ерекше рухани әсер сыйлады. Әсіресе халық әндері мен күмбірлеген күйлер кештің мазмұнын тереңдете түсті.
Іс-шара барысында қатысушыларға арналған шеберлік сағаттары ұйымдастырылып, қолөнер, тағам сәндеу, сән және стиль бағыттары бойынша пайдалы тәжірибелер ұсынылды. Аналар өзара тәжірибе алмасып, шығармашылық қабілеттерін танытуға мүмкіндік алды. Бұл бөлім фестивальдің мазмұнын байытып, қатысушылардың қызығушылығын арттырды.
Фестиваль тек мерекелік шара ғана емес, сонымен қатар отбасы институтын нығайтуға бағытталған маңызды қоғамдық алаңға айналды. Мұнда аналар өз ойларымен бөлісіп, өмірлік тәжірибелерін ортаға салды, ал жас буынға өнеге болатын тағылымды әңгімелер айтылды.
Мамандардың пікірінше, мұндай фестивальдер отбасы құндылықтарын нығайтуға, қоғамдағы бірлік пен сыйластықты арттыруға үлкен ықпал етеді. Анаға деген құрмет – ұрпақ тәрбиесінің негізі, ал берік отбасы – тұрақты қоғамның тірегі.
Мазмұнды шара соңында қатысушыларға алғыс білдіріліп, естелік суреттер түсірілді. Кеш ақ дастарқан басындағы еркін форматтағы жылы кездесумен қорытындыланып, жоғары деңгейде өтті.





