Жетісай аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Ұлттық спорт клубы» КММ ұйымдастыруымен қазақ күресінен 2011–2012 және 2013–2014 жылы туған жасөспірімдер арасында халықаралық турнир болып өтті.
«7 мамыр – Отан қорғаушылар күні» және «9 мамыр – Жеңіс күні» мерекесі аясында ұйымдастырылған жарыстың негізгі мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау, жасөспірімдер арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту, жаңа жас таланттарды анықтау және бұқаралық спортты дамыту болды.
Дәстүрлі додаға Шымкент қаласымен қатар Шардара, Төле би, Сарыағаш, Келес, Отырар, Бәйдібек, Түлкібас, Жетісай аудандарынан және көршілес Өзбекстан Республикасынан келген командалар қатысты. Жалпы саны 200-ге жуық жас балуан 21 салмақ дәрежесі бойынша боз кілемде белдесіп, өзара мықтыларды анықтады.
Жарыстың ашылу салтанатында сөз сөйлеген аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еркебұлан Сейдалиев қатысушыларға сәттілік тілеп, мұндай жарыстардың өскелең ұрпақты спортқа баулудағы маңызы зор екенін атап өтті.
– «Бүгінгі сайыс жоғары деңгейде өтіп жатыр. Әр өңірден, көршілес елден келген жас балуандар өз салмақтары бойынша мықтыларды анықтауда. Бүгінгі күн – қазақ күресінің жаңа таланттарын анықтап, жаңа чемпиондардың жұлдызын жағатынына сенімдімін», – деді бөлім басшысы.
Сонымен қатар ол төрешілерге әділдік тілеп, барша қатысушылар мен жанкүйерлерді қос мерекемен құттықтады.
Қазақ күресі – халқымыздың ұлттық рухын айшықтайтын, ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан төл спорт түрлерінің бірі. Атаның қанымен, ананың сүтімен бойға дарыған ұлттық күрес жас балуандардың бойында батылдық, төзімділік, қайсарлық пен намысшылдық қасиеттерін қалыптастырады. Сондықтан мұндай турнирлер ұлттық спортты дәріптеумен қатар, жасөспірімдерді елжандылыққа тәрбиелеуде маңызды рөл атқарады.
Тартысқа толы белдесулер барысында жас спортшылар бар өнерін ортаға салып, түрлі әдіс-тәсілдерді шебер қолдана білді. Кейбір балуандар қарсыласын алып ұрса, енді бірі шалып жығып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Боз кілемде өткен әр белдесу жанкүйерлерге ерекше әсер сыйлап, жас спортшылардың шеберлігіне тәнті етті.
Жарысқа келген жанкүйерлер мен ата-аналар да жас балуандарға қолдау көрсетіп, олардың жеңіске деген жігерін арттырды. Әсіресе көршілес елден келген спортшылардың қатысуы турнирдің халықаралық деңгейін айқындап, достық пен ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етті.
Аудандық «Ұлттық спорт клубы» КММ басшысы Ерлан Райымбердиевтің айтуынша, турнирді өткізудегі басты мақсат – жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру және ұлттық спортты кеңінен насихаттау.
– «Спорт – денсаулық кепілі. Біз бұл турнирді өткізу арқылы бірінші кезекте салауатты өмір салтын насихаттауды, жасөспірімдер арасында достық қарым-қатынасты нығайтуды, жаңа жас таланттарды анықтауды, мерекелердің мән-маңызын өскелең ұрпаққа ұғындыруды мақсат еттік», – деді ол.
Қазіргі таңда елімізде ұлттық спорт түрлерін дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Қазақ күресі халықаралық деңгейде танылып, әлемнің көптеген елдерінде кеңінен насихатталып келеді. Мұндай турнирлердің ұйымдастырылуы жас спортшылардың тәжірибе жинақтауына, кәсіби шеберлігін арттыруына және болашақ чемпиондардың қалыптасуына мүмкіндік береді.
Турнир қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы дипломдармен, медальдармен және чемпиондық белбеулермен марапатталды. Сонымен қатар жастарды спортқа баулып жүрген жаттықтырушыларға да құрмет көрсетілді.
Жоғары деңгейде ұйымдастырылған халықаралық турнир жас балуандардың тәжірибесін шыңдап қана қоймай, қазақ күресінің мәртебесін көтеруге және ұлттық спорттың дамуына тың серпін берді.






