


Елордада Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше мемлекеттердің іскер топтарын біріктірген ірі бизнес-форум өз жұмысын бастады. Ауқымды іс-шараны «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Қазақстанның Сыртқы сауда палатасымен бірлесіп ұйымдастырды.
Форумға мемлекеттік органдардың өкілдері, сауда-өнеркәсіп палаталары, халықаралық ұйымдар, инвестициялық құрылымдар және түркі әлемі елдерінің жетекші бизнес өкілдері қатысты. Басқосу барысында өнеркәсіп, логистика және цифрландыру салаларындағы өзара кооперацияны кеңейту, жаңа әріптестік тетіктерін қалыптастыру мәселелері талқыланды.
Іс-шара аясында пленарлық отырыс пен панельдік сессиялар өтіп, қатысушылар B2B форматындағы кездесулерде нақты жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін қарастырды. Нәтижесінде түркі мемлекеттері кәсіпкерлері арасында тікелей байланыстарды нығайтуға жол ашатын бірқатар маңызды келісімдер жасалды.
Форум барысында Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің сенімді жеткізушілерінің бірыңғай тізілімін қалыптастыру, сондай-ақ бизнес үшін кедергісіз цифрлық орта құру бағыттары айқындалды. Сонымен қатар тараптар өзара ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған меморандумға қол қойды.
Шараның маңызды тұстарының бірі – Түркі сауда-өнеркәсіп палаталары одағы басшыларының жабық отырысы болды. Онда одақ шешімдерін іске асыру, ресми веб-сайтты жетілдіру, палаталар арасындағы ақпараттық алмасуды күшейту мәселелері қаралды. Сондай-ақ Баку мен Астанада өткен бас ассамблеяларда қабылданған бастамаларды жүзеге асыру, соның ішінде Логистика комитеті мен Жас кәсіпкерлер комитетін құру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Осы жиынға Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Сейлбекович те қатысып, өңірлік бизнестің түркі елдері арасындағы экономикалық ынтымақтастықты тереңдетудегі рөліне тоқталды. Сонымен қатар форумға қатысқан түркістандық кәсіпкерлер де өздерінің өндірістік және экспорттық әлеуетін таныстырып, жаңа әріптестік орнатуға қызығушылық білдірді.
Айта кетейік, алдағы 15 мамыр күні Түркістан қаласында Түркі мемлекеттері ұйымы Мемлекет басшылары кеңесінің бейресми саммиті өтпек. Саммит қорытындысында түркі мемлекеттері арасындағы бірлік пен ынтымақтастықты нығайту, сондай-ақ өзара тиімді экономикалық серіктестікті жаңа деңгейге көтеру көзделіп отыр.






