Қызылорда қаласында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдердің психолог мамандарына арналған үшкүндік практикалық дайындық ұйымдастырылды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жеке құрамды тәрбиелеу саласындағы психологиялық жұмысты жоспарлау, ұйымдастыру және жүргізу сапасына бірыңғай көзқарас қалыптастыру, әскери қызметшілердің моральдық-психологиялық жағдайын нығайту, салауатты психологиялық ахуалды сақтау, сондай-ақ кез келген жағдайда тапсырмаларды орындауға олардың психологиялық төзімділігі мен дайындығын қамтамасыз ету болды. Сонымен қатар, психолог мамандардың жеке құрам арасындағы жағымсыз құбылыстарды болжау, анықтау және алдын алу, жедел әрекет ету мен психологиялық көмек көрсету бағытындағы кәсіби шеберліктерін арттыру көзделді.
Практикалық дайындық барысында тәжірибелі мамандар дәріс оқып, қатысушылармен тәжірибелік сабақтар өткізді. Атап айтқанда, практикалық психолог, гештальт-терапевт Салтанат Асанова, Қызылорда облысының психикалық денсаулық орталығының клиникалық психологы, психология ғылымдарының магистрі Әсел Әлихан, практикалық психолог, гештальт-терапевт, психология ғылымдарының магистрі Аян Ахметова, дінтанушы, PhD докторы, теолог Бақтияр Оспанов өз тәжірибелерімен бөлісті.
Сабақтар «Өңірлік қолбасшылықтың әскери бөлімдеріндегі психологиялық жұмыстарды жетілдірудің негізгі талаптары», «Социометрия: іске асыру, қорытындылау, нәтижелері», «Эмоционалды интеллект және оны дамытудың жолдары», «Психологиялық саулық моделі және тұлға құрылымының деңгейлері», «Дағдарыс диалогы: суицидтің алдын алудағы психологиялық тәсілдер» және басқа да тақырыптарды қамтыды.
«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы басқармасының психолог маманы, подполковник Альмира Құрманәлиева аталған жиынның маңыздылығына тоқталып:
— Бұл практикалық дайындық психолог мамандардың кәсіби деңгейін арттыруға, заманауи әдіс-тәсілдерді меңгеруге және тәжірибе алмасуға үлкен мүмкіндік берді. Мұндай іс-шаралар алдағы қызмет барысында тиімді психологиялық жұмысты ұйымдастыруға оң ықпал етеді. Жалпы, практикалық дайындық жоғары әдістемелік деңгейде өтті, — деп атап өтті.
Қатысушылар тың ақпараттар мен тәжірибелік дағдыларға ие болып, өз білімдерін жетілдірді. Алынған білім мен тәжірибе олардың алдағы қызметінде тиімді қолданылатын болады.
Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы
«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі



