

Түркістанда санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылық және тағам қауіпсіздігі бойынша ақпараттық семинар өтті
Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасында санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылық саласындағы мақсатты сатып алу нәтижелеріне және тағамнан уланудың алдын алу, ботулизм мәселелеріне арналған ақпараттық семинар ұйымдастырылды.
Семинарды Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының Салалық даму және инвестициялық жобаларды сүйемелдеу бөлімінің сарапшысы Абай Қыпшақбай жүргізді. Шараға өңірдегі кәсіпкерлер, қоғамдық тамақтану және сауда саласының өкілдері, сондай-ақ сала мамандары қатысты.
Күн тәртібіне сәйкес, алғашқы баяндамада Қазақстан Республикасы Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2026 жылғы 5 қаңтардағы №1-ПГСВ қаулысы таныстырылды. Онда халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы бақылау мақсатында жүргізілген сатып алулардың нәтижелері, анықталған тәуекелдер мен талаптардың сақталу деңгейі туралы ақпарат берілді.
Келесі бөлімде «Nestlé Food Kazakhstan» ЖШС өкілдері балаларға арналған өнімдердің қауіпсіздігі, сапа стандарттары және өндіріс барысында қолданылатын бақылау тетіктері жөнінде баяндама жасады. Бұл тақырып қатысушылар тарапынан ерекше қызығушылық тудырып, өнім қауіпсіздігіне қатысты бірқатар нақты сұрақтар қойылды.
Семинардың маңызды бөліктерінің бірі тағамнан уланудың алдын алу және ботулизм мәселесіне арналды. Баяндамашылар тағам өнімдерін сақтау, дайындау және сату барысында санитариялық талаптарды қатаң сақтау қажеттігін, ботулизмнің қауіптілігі мен оның алдын алу шараларын кеңінен түсіндірді.
Іс-шара соңында сұрақ-жауап бөлімі өтіп, қатысушылар өздерін толғандырған мәселелер бойынша жеке сұрақтарын қойып, нақты жауаптар алды. Семинар қорытындысы бойынша кәсіпкерлерге санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау арқылы тұтынушылардың денсаулығын қорғау және бизнестің жауапкершілігін арттырудың маңыздылығы атап өтілді.





