Бүгін Түркістан қаласында ел тарихында маңызды орын алатын «Түркістан мәртебесі – ел мерейі» атты форум өтті. Іс-шара Түркістан қаласына берілген ерекше мәртебенің мәнін айқындау және оның рухани-мәдени миссиясын жан-жақты талқылау мақсатында ұйымдастырылды.
✔️Форумға ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков, Мәжіліс депутаттары – Қайрат Балабиев, Темір Қырықбаев, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің басқарма басшысы Рига Онаева, Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы, қоғам қайраткерлері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Форумның модераторы Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев болды.
✔️Жиын барысында ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Б.Омарбеков «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» ҚР Заңының негізгі ережелерімен таныстырды. Оның айтуынша, бұл Заң қаланың тарихи, мәдени және рухани мұрасын сақтау мен дамытуға, туристік әлеуетін арттыруға, сондай-ақ әкімшілік басқару жүйесінің тиімділігін күшейтуге бағытталған. Аталған заң аясында Түркістан қаласының әкімдігі мен мәслихатына қосымша 44 құзырет берілген.
✔️Форум бағдарламасы аясында Түркістан қаласының қолөнер шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылды. Оркестр ұлттық аспаптармен күй төксе, «Ұлы тарихтың жаңғыруы» атты сахналық көрініс көрермен назарына ұсынылды.
✔️Айта кетейік, Түркістан қаласының халық саны соңғы үш жылда 31,5%-ға артып, 2024 жылдың 1 желтоқсанында 236 954 адамды құрады. Облыс орталығы болғалы жалпы өңірлік өнім 4,5 есе өсіп, 2024 жылы 452,6 млрд. теңгеге жетті. Түркістан қаласында мемлекеттік бюджетке түсетін түсімнің көлемі 2,8 есе өсіп, 2024 жылы 80,1 млрд. теңге түсті. Қала дамуының негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі соңғы үш жылда 915,7 млрд. теңгені құрады. 2024 жылы 400,2 млрд. теңге инвестиция тартылды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі