Төлеби ауданына қарасты Екпінді ауылында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай, қазақтың ұлттық ойыны көкпардан жарыс өтті.
Елді ынтымақ-бірлікке шақырып, салауатты өмірді насихаттаған спорт додасына Шардара ауданының тумасы, ұлттық спорттың жанашыры, жеке кәсіпкер Виктор Деревянко ұйытқы болып, демеушілік етті. Жарыстың жалпы жүлде қоры 4,5 млн теңгені құрады.
Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің қолдауымен ұйымдастырылған іс-шараға еліміздің бірқатар өңірлері мен Германия, Ресей, Қытайдан келген қонақтар, сондай-ақ облыстың барлық аудан, қалаларынан атбегілер мен шабандоздар және ардагер спортшылар, ауыл ақсақалдары, БАҚ өкілдері, жергілікті тұрғындар қатысты. Көкпарда ас беріліп, киіз үйлер тігіліп, патриоттық әндер шырқалды.
Көкпардың басты ұйымдастырушысы Виктор Борисович өз сөзінде еліміздің тұтастығы мен бірлігін, татулығы мен тыныштығын өзіміздің күн сайынғы қажырлы еңбегімізбен қолдап, қорғап нығайта беру әрбір қазақстандықтың азаматтық міндеті екенін атап өтті.
— Елдің бірлігі мен тыныштығы – ең басты байлық деп санаймын. Биыл қоғамдағы достық пен бірлікті нығайтуға және бейбіт өмірімізге өлшеусіз үлес қосып отырған Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы кең көлемде атап өтіліп жатыр. Мерейлі жылға орай осы елдің азаматы ретінде өз үлесімді қосайын деген ниетпен көкпар сайысын өткізуді мақсат еттім. Көкпар – қазақтың төл спорты әрі рухы мықты жігіттердің ойыны. Пырақтың үстінде өскен азамат елшіл, халықшыл келеді деп ойлаймын. Сондықтан да, бұл ұлттық спортты насихаттауды алдағы уақытта да жалғастырмақ ниеттемін, — деді ол.
Спорт сайысының қорытындысында тақымын қысып, көксеркені көтере білген үздік шабандоздар қаржылай сыйлықтармен марапатталды. Бұл орайда, келестік Ғалымжан Мырзабаев пен қазығұрттық Бәйдібек Сабыров үздік болып, оларға 500 мың теңге сыйақы табысталды. Басқа да шабандоздарға қомақты сыйлықтар берілді.
Дүбірлі дода соңында қариялар жастарға бата беріп, елдің азаматы болуға шақырды, еліміздің ырыс-несібесі молайып, халқымыздың береке-бірлігі арта берсін деп ізгі тілектерін жеткізді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
________
ТУРКЕСТАН: В ТОЛЕБИЙСКОМ РАЙОНЕ ПРОШЕЛ ГРАНДИОЗНЫЙ КӨКПАР В ЧЕСТЬ 30-ЛЕТИЯ АНК
В честь 30-летия Ассамблеи народа Казахстана в селе Екпинды Толебийского района Туркестанской области был организован грандиозный көкпар. Организатором и спонсором спортивного состязания, направленного на пропаганду здорового образа жизни, выступил уроженец Шардаринского района, сторонник национального спорта, индивидуальный предприниматель Виктор Деревянко. Общий призовой фонд соревнований составил 4,5 млн тенге.
Мероприятие прошло при поддержке КГУ «Қоғамдық келісім» управления общественного развития Туркестанской области. В нем приняли участие гости из разных регионов страны, а также из Германии, России и Китая. Среди участников были ветераны спорта, всадники из всех районов и городов области, аксакалы села, представители СМИ и местные жители. Во время кокпара были поданы блюда национальной кухне, установлены юрты, звучали народные песни.
В своем выступлении главный организатор кокпара Виктор Борисович отметил, что гражданским долгом каждого казахстанца является поддержка и укрепление целостности, единства, мира и спокойствия в стране через повседневный труд:
– Я считаю, что единство и спокойствие страны — главное богатство. В этом году широко отмечается 30-летие Ассамблеи народа Казахстана, которая вносит неоценимый вклад в укрепление дружбы, общественного согласия и мирной жизни. В честь юбилея я намерен внести свой вклад как гражданин этой страны. Көкпар — казахский национальный спорт и игра сильных духом. Я считаю, что человек, выросший на этой земле, — ее посланник и представитель. Поэтому я намерен и впредь продолжать популяризировать этот вид спорта, — отметил сторонник национальных традиций.
По итогам соревнований победители в поднятии барана были награждены денежными призами. Лучшими стали Галымжан Мырзабаев из Келеса и богатырь из Казыгурта Байдибек Сабиров — каждый получил по 500 тысяч тенге.
Пресс-служба акима Туркестанской области