Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы Құранбектің БАҚ өкілдерімен өткізген кезекті брифингінде қаланың дамуы, оның ішінде қалалық жайлы ортаны қалыптастыру, қоршаған ортаны қорғау салаларына қатысты мәселелер сөз болды.
Атқарылған және атқарылар жұмыстарға қысқаша тоқталсақ:
Шымкент қаласындағы магистральды көшелер мен саябақтардың санитарлық тазалау жұмыстары 891 шақырымды құрайтын 443 магистральдық көшеде мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде жүзеге асырылатыны белгілі болды. Бұл тазалық пен абаттандыру жұмыстарымен 5 мердігер ұйым атап айтқанда,Абай ауданында «Kazstroycapital» ЖШС, Әл-Фараби ауданында «Таза өлке» ЖШС, Еңбекші ауданында «Группа Интеко» ЖШС, Қаратау ауданында «Жасыл жер» ЖШС, ал Тұран ауданында «ШымкентСпецКомплекс» ЖШС айналысады екен.
Негізгі көшелерді тазалау үшін мердігерлер 2000 жұмысшы мен 189 арнайы техника тартып, өткен қыс мезгілінде көшелерде мұздың пайда болуын болдырмау мақсатында 31 594 м³ құм мен 13 200 тонна тұз қолданылған.
Қаланың су арналары мен өзендерін тазалау және абаттандыру жұмыстары жайлы да толық мағлұмат алдық.Бұл шаралар су тасқындарының алдын алу, су сапасын жақсарту және жағалауларды жайластыру арқылы тұрғындарға демалыс үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған.
Шымкент қаласының қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасына қарасты 34 канал мен 2 өзендерді күтіп ұстаумен «Телқоңыр» ЖШС айналысады, келісімшарт сомасы 360,417 млн теңгені құрайды екен. 2024 жылы жалпы ұзындығы 4,5 км болатын «Бадам» өзені бойынша Еңбекші ауданындағы Жыланбұзған, Тоғыс, Маятас тұрғын алаптары мен Абай, Тұран аудандарында (Қызылжар, Игілік, Тәуелсіздікке 20 жыл) арнаны түзету және нығайту жұмыстары жүргізілген. 2025 жылға «Бадам» өзенінің қауіпті учаскелеріне мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынғаннан кейін бюджеттен қаржы бөлу ұсынылады.
«Қошқар-ата» өзенінің (Жангельдин көшесінен Интернациональная көшесіне дейін) жағалауын абаттандыру бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысы алыныпты. Ағымдағы жылы жағалауды абаттандыру жұмыстары жоспарлануда. Бұл қуанарлық жағдай.
Каналдар туралы сөз қозғағанда Сәрсен Абайұлы Нұрсәт шағын ауданында нөсер суының салдарынан көшелердің су басу мәселесінің жиі көтерілетінін жасырмады. Осыған байланысты Кәусар көшесі жанынан ирригациялық лоток салу жоспарда бар екенін ескерте кетті.
А.Асқаров атындағы Шымкент мемлекеттік дендрологиялық саябағында атқарылып жатқан жұмыстар да ауқымды екен. Ташкент қаласының ботаникалық бағымен ағаш бұта тұқымдарын алмастыру мақсатында көшет түрлері 214-тен 251-ге дейін көбейтілген. Дендросаябақта 2025 жылы 132 ағаш-бұта тұқым түрлерін өсіру жоспарланған. Осылайша, дендрологиялық саябақтың гендік қоры 383 түрге дейін жетеді, ал жоспар 560 ағаш-бұта тұқым түрлеріне жету. Саябақта бүгінгі таңда 74 мыңнан астам ағаш бар,- дейді Сәрсен Абайұлы.
Әрине, жұмыс жүрген жерде кемшіліктің де қатар жүретіні жасырын емес. Абай Сәрсенұлы кезекті сұрақ жауапты өткен брифингте толық жауап берілмеген сұрақтардың жауабын толықтыра кетуден бастады. Бұл да бір осы өткізіліп жүрген брифингтің ерекшелігі десек болады.
Бүгінгі қойылған сұрақтар да аз болмады. Жайлы мектептердің бүгінгі таңдағы жай күйі, «Жиделі» елді мекенінде бірді бір моншаның болмауы, «I-KOLIK» қосымшасының не себепті тоқтатылғаны, «Нұршуақ» шағын ауданындағы трансформатор мәселесі мен балалар алаңшасының не себепті болмауы,
дүкендерге төлемге қолма-қол ақша талап етуі, тіптен кассалық аппараттарының жоқтығының қаншалықты заңды екені, «Даму бала» порталына тіркелу қиындық тудырып жатқаны туралы, «Қошқар Ата» өзенінің айналасына көп қабатты үйлердің түсуі қаншалықты дұрыс деген мәселелер төңірегінде сауалдар түсті. Абай Сәрсенұлы мүмкіндігінше сұрақтардың нақты жауабын беріп, кейбір мәселелер жөнінде нақты жауапты келесі брифингте беретінін айтты.
Бұл басқосу БАҚ өкілдерінің көңілдерінде жүрген сан сауалдың жауабын алып-қашпа сөзден емес, нақты жауапты ресми өкілдің тарапынан алып, оны халыққа түсіндіруінде таптырмайтын жол екені көңіл қуантады.
Айгүл МАМЫТ,
«NEWQAZAQ.KZ» ақпараттық порталы.