Меншікке қарсы қылмыстар меншік иесінің мүлікті иелену, пайдалану және оған билік ету құқықтарын бұзатын немесе меншік иесіне мүліктік залал келтірудің басқа да тәсілдерімен (немесе залал келтіру қаупімен) байланысты қоғамға қауіпті әрекеттерді қамтиды.
Әлеуметтік құндылықтар жүйесінде меншікке құқық адамның әлеуметтік игіліктерінің ең маңыздысы ретінде қарастырылады. Меншікті қылмыстық қол сұғушылықтан қорғау Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің негізгі міндеттерінің бірі болып табылады (ҚР ҚК-нің 2-бабы). Меншікке қарсы қылмыстар кейде мүліктік қылмыстар деп те аталады, және олардың көпшілігінің объектісі мүлік болып табылады.
Адамның құқықтары мен бостандықтары жүйесінде меншікке құқықтың ерекше орны бар, себебі ол адамның жеке басының табыстылығын сипаттайтын көрсеткіш болып табылады. Бұл қылмыстар экономикалық қатынастарды реттейді, сондықтан олардың атқаратын міндеттері көп.
Меншікке қарсы қылмыстар Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде кең таралған. Әсіресе, ақпарат, технология және адамның ой-санасы дамыған заманда қылмыстардың әртүрлі тәсілдері пайда бола бастады.
Қазақстан Республикасының қылмыстық құқық принциптерінің бірі – жауаптылықтан құтылмау принципі. Бұл принцип бойынша кез келген адам жауапкершілікті көтереді. Бұл талап құқық қорғау және құқық қолдану органдарына міндеттер жүктейді.
Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес, мемлекеттік және жеке меншік танылып, тең дәрежеде қорғалады. Сонымен қатар, Қазақстан азаматтары заңды түрде иеленген мүліктерін жеке меншік ретінде ұстай алады.
Қазақстан – құқықтық мемлекет. Қоғам өмірін гуманизациялау және демократияландыру, сондай-ақ жыныс, ұлт, мүліктік және әлеуметтік жағдайы, беделі бойынша кемсітудің кез келген түрін жоюға бағытталған жаңа құқықтық жүйе құру қажеттілігі туындады.
Мемлекетімізде жеке меншік пен мемлекеттік меншік тең дәрежеде танылып, қорғалады. Жеке меншік құқығы заңмен қорғалады, әр адамның меншігін иелену, пайдалану және оған билік ету құқығы бар. Ешкім де сот шешімінсіз өз мүлкінен айрылмауы тиіс. Меншікке қарсы қылмыстар — бұл иелік ету құқығын бұзу, меншік иесіне мүліктік зиян келтіру немесе осындай зиян тигізу қаупін туғызатын әрекеттер.
Меншікке қарсы қылмыстар Қазақстан Республикасында тіркелетін қылмыстардың басым бөлігін құрайды. Пайдакүнемдік қылмыстылықтың артуы жағдайында меншіктің құқықтық қорғалуы ерекше маңызға ие. Меншікке қарсы шағын қылмыстар да кең таралған, олар жиі жасалып, көптеген адамдардың мүдделеріне нұқсан келтіреді. Сонымен қатар, сирек кездесетін, бірақ адамдардың жеке басына, денсаулығына, құқықтарына және қоғамдық қауіпсіздікке қауіп төндіретін ең қауіпті қылмыстар қоғамға үлкен зиян келтіреді. Меншікке қарсы құқық бұзушылықтардың түрлері мен оларға тағайындалатын жаза мөлшері Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінде анықталған.
Бөтен мүлікті ұрлаудың мәнін түсіну үшін қылмыстың объектісін дұрыс анықтау өте маңызды. Бұл мәселені шешу қылмыстық құқық теориясында қылмыс объектісі туралы жалпы ережелерге негізделуі тиіс.
Меншікке қарсы қылмыстардың объектісін дұрыс анықтау осы топтағы қылмыстардың мәнін түсінуге, олардың қоғамға төндіретін қауіп-қатерін көрсетуге және, ең бастысы, қылмыстарды дұрыс жіктеуге мүмкіндік береді. Меншікке қарсы қылмыстардың нақты объектісі – бұл меншіктік қатынастар, яғни жеке немесе ұжымдық тұтыну немесе өндірістік қызметті жүзеге асыруға арналған материалдық игіліктерді бөлуге қатысты қоғамдық қатынастар.
Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне сәйкес, меншікке құқық – бұл субъектінің өзіне тиесілі мүлікті иелену, пайдалану және оған билік ету құқығын заң актілерінің мойындауы мен қорғауы. Меншік иесі өз мүлкін иемденуге, пайдалануға және оған билік жасауға құқылы. Меншікке қарсы қылмыстар туралы заңда заң нормаларымен қорғалатын тікелей объект ретінде меншіктік қатынастардың мәні осы құқықтардан тұрады.
Меншікке қарсы жасалған әрбір ұрлық және өзге де қылмыс қоғамға қауіпті, себебі олар аталған қатынастарды бұзады. Қазақстан Республикасында жеке және мемлекеттік меншік түрлері мойындалады. Қылмыстық кодекстің Ерекше бөліміндегі «Меншікке қарсы қылмыстар» тарауындағы баптардың мазмұны бұл қылмыстардың тікелей объектісі бөтеннің меншігі екенін айқын көрсетеді.
Меншікке қарсы қылмыстардың субъектісі заңда белгіленген жасқа жеткен, есі дұрыс адам бола алады, яғни қылмыс субъектісі жалпы. Бір кылмыста — мүлікті иеленіп алу немесе талан-таражға салу — қылмыс құрамының міндетті элементі арнаулы субъект болуға тиіс. Кейбір қылмыстарда арнаулы субъект сараланған құрамның нышаны ретінде алынады, мысалы, қызмет бабын пайдаланып жасалған алаяқтық (ҚК-нің 190-бабы 2-бөлігінің 3-тармағы), алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен мүліктік залал келтіру (ҚК-нің 195-бабы), жерге заттай құқықтарды бұзу (ҚК-нің 201-бабы).
Қылмыскердің жасына қарай жауаптылық жүктеуге байланысты мүлікке қарсы жасалған барлық қылмыстарды екі топқа бөлуге болады. 16 жастан бастап жауаптылық көзделген қылмыстарға: сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иеленіп алу немесе талан-таражға салу (ҚК-нің 189-бабы), алаяқтык (ҚК-нің 190-бабы), алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен мүліктік залал келтіру (ҚК-нің 195-бабы), көрінеу қылмыстык жолмен табылған мүлікті иемдену немесе өткізу (ҚК-нің 196-бабы), авторлық және сабақтас құқықтарды бұзу (ҚК-нің 198-бабы), жерге заттай құқықтарды бұзу (ҚК-нің 201-бабы), бөтен адамның мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру (ҚК-тің 202-бабы), автомобильді немесе өзге де көлік құралдарын ұрлау мақсатынсыз заңсыз иелену (ҚК-нің 200-бабы) жатады. 14 жастан бастап жауаптылық көзделген кылмыстарға: ұрлық (ҚК-тің 188-бабы), тонау (ҚК-тің 191-бабы), карақшылық (ҚК-тің 192-бабы), қорқытып алушылык (ҚК-тің 194-бабы).
Меншікке қарсы қылмыстардың арасында ең кең таралған және қоғамға едәуір зиян келтіретін түрі — ұрлық. Қылмыстық заң ұрлық үшін, оның жүзеге асырылу тәсілдеріне байланысты нақты жауапкершілік белгілейді. ҚК-тің тиісті баптары арқылы нормативтік түрде анықталған ұрлаудың келесі формалары бар: ұрлық, иемденіп алу немесе талан-таражға салу, алаяқтық, тонау және қарақшылық.
Қазіргі уақытта ұрлық түсінігі Қазақстан Республикасының жаңа қылмыстық кодексінде заңды түрде бекітілген. Мысалы, ҚК-тің 188-бабының ескертуінде былай делінген: «Осы кодекстің баптарында ұрлық деп пайдакүнемдік мақсатта бөтен мүлікті, оның меншік иесіне немесе басқа иеленушісіне залал келтіре отырып, айыптының немесе басқа адамдардың пайдасына заңсыз, қайтарымсыз алып қою және (немесе) айналдыру танылады».
Бөтен мүлікті ұрлау кезінде мүлік тек ұрлықтың объектісі ретінде қарастырылады. Мүлік мүліктік қатынастардың қажетті материалдық негізі болып табылады, ал ұрлық жасау кезінде осы мүліктік қатынасты бұзу жүзеге асырылады. Мүлік пен оның иесі (немесе иемденушісі) арасында тығыз байланыс бар. Сондықтан мүлікке қол сұғу бір мезгілде меншікке қол сұғу болып табылады. Кінәлі тұлға бөтен мүлікті ұрлай отырып, тікелей мүлікке және оның иесіне зиян келтіреді. Бұл жағдайда меншік құқығы қылмыстық қол сұғушылықтан зардап шекпейді, себебі ұрланған мүлік табылғаннан кейін заңды иесіне қайтарылуы мүмкін.
Е.ТУЛЕШОВ
Шымкент қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі алқасының судьясы.