Бүгін үш жүздің басын қосқан киелі Ордабасы ауданында 14 наурыз – Амал мерекесіне орай зиялы қауым өкілдері, ел ағалары мен ардақты аналары бас қосып, дәстүрлі мерекені ерекше сән-салтанатпен атап өтті.
Темірландағы «Шәмші» аллеясында өткен шараға қос өңірдің ардагерлері мен батагөй ақсақалдары, зиялы қауым өкілдері мен өнерпаздары қатысты. Көрісу рәсімімен басталған жиын ақындардың арнау жырларына жалғасты. Түркістан облысынан Аян Ниязбек пен Шымкент қаласынан Мейіржан Жақып Наурыз мейрамының мән-маңызын, екі аймақтың тарихы мен бүгінгі жетістіктерін жырға қосты.
Екі өңірдің Ардагерлер кеңесінің төрағалары Жеңісбек Мәуленқұлов пен Кенжехан Төлебаев мерекемен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді. Наурыздың 10 күн бойы игі істермен өрнектеліп жатқанын айтып, «Ұлыс оң болсын!» деген тілектерін жеткізді. Сонымен бірге Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбеков Амал күнінің мәніне тоқталып, көпшілікті құттықтады.
Жұртшылыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған өнерпаздар халық әндерін, күй, терме, би, сондай-ақ қазақ эстрадасының танымал шығармаларын орындап, мерекенің көркін қыздырды. «Сүгір» атындағы қазақ ұлттық аспаптары оркестрі мен «Қазына» би ансамблі өз өнерлерін паш етті. Түркістан облысы мәдениет басқармасы ұйымдастырған шара соңында патриоттық әндер орындалып, жиын үлкен бірлік пен ынтымақтың белгісіне айналды.
Амал күні – ұлттық дәстүріміздің маңызды көрінісі. Бұл мерекеде халық бір-біріне ізгі тілек айтып, жақсылық тілеп, бірлікті нығайтады. Түркістан мен Шымкенттің зиялы қауымы осы дәстүрді жандандыру жолында игі іс жасады. Қос тарап бір-бірлеріне сый ұсынып, Амал күнімен құттықтады. Бұл игі дәстүр – ұлттық ерекшелігіміз ғана емес, ғасырларға жалғасып келе жатқан ұрпақтар сабақтастығының алтын көпірі екенін айтып, елге амандық, бірлік, береке тіледі.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі