Бізге кемшіліктерімізді көрсететіндерге алғыс айту керек.
Блез Паскаль, француз философы
Қазіргі қоғами даму дәуірі ақпараттық технологиялардың айырықша жетіліп, кең жайылған кезеңі екендігі әлем жұртшылығына аян. Әлеуметтік желілерді де пайданушылардың саны бірнеше миллирдтан асатыны анық. Осы саны мол көрермендер Қазақстанға, оның халықының тыныс-тірлігіне, жүріс-тұрысына, киім-кешегіне және тағысын тағыларға көңіл бөлетіні сөзсіз. Теледидар мен әлеуметтік желілер арқылы миллиондаған жаһандық пенделердің қазақтар туралы ой-пікірі, пайымымы мен әсері қалыптасатыны сөзсіз. Сонымен, біздің қазақтар кейбір сәттерде жағымды қырымен ерекшелене ме, әлде жоқ па? Соған көз жіберейік.
Бір таңданарлық жәйт, кейінгі кезде «тымақ» қазақ ұлттық киімнің басты белгісі ретінде кең көрініс тауып жүр. Бұл дұрыс па? Әрине дұрыс емес. Бұл үрдіс неге кең жайылып барады? Осыған жауап іздейік. Әуелі қазақ тілінің сөздіктеріне назар аударайық: «ТЫМАҚ зат. Аң терісінен жасалып, суықта киетін бас киім. …Түлкі тымақ. Түлкі терісінен жасалған тымақ.»(Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі, 9 том, «Ғылым» баспасы, Алматы-1986, 364 бет); «ТЫМАҚ — қысқы аяздарда киюге арналып, малдың немесе аңның терісінен тігілетін бас киім…»(Ақбай Наурызбай. Қазақтың дәстүрлі атаулары.Алматы,2013, 437 бет). Тымақты тігу асабір шеберлікті талап етпейді. Түлкінің немесе басқа жануарлардың елтірі болса болды ауылдағы қыз-келіншек, апалардың қайсысы болсын оны тіге алады.
Тымаққа байланысты нендей жәйтке көңіл бөлуіміз керек? Тымақ қысқы аязда киюге арналған аң терісінен пішілген, тігісі қалың бас киім. Ал онда, біздің қазақ спортшылары ринг, октогон немесе күрес алаңы үстінде жаңа ғана үлкен жеңіске жетіп тұрып, ентігі басылмай, самайдан аққан тері кеуіп үлгермей көк байрақты қолына іле сала, ұлттық болмысымызды білдіру мақсатында салмақты да қалың тымақты басына неге жапсыра киеді? Қазіргі спорт кешендерінде үскірік аяз түгіл, кісі жаурайтындай салқындық та болмайды ғой. Ал ауыр тымақтың орнына қазақты жеңісімен әлемге паш еткісі келген спортшымызға әдемі оюланған жеңіл тақия неге кимеске? Тымақтың орнына әдемі оюлы тақия орынды да жарасымды емес пе? Спорт түрлерін ұйымдастырушылар осыған көңіл бөлсе деген үмітіміз бар.
Спортшыларымыз бен сахна саңылақтары ұстанған орынсыз тұстарда тымақ кию жағымсыз үрдісі, әжуалы әдеті Қазақстанда не себепті кең жәйыла бастаған? Қазақ халықының көбісінің бір кемістігі — әсіре еліктегіштігі (мысалы, осы орайда баса айта кету артық болмас, бұл — ұлтымыздың басым көпшілігінің бір-бірімен жаппай орысша тілдесуі, ықылым заманнан болмысымызға жат әуестік — шылым тарту, быразының насыбай ату, араққа салыну, нашақорлыққа бейім болу тәрізді басқа да зиянды әдеттерге бой алдыруын атап өтуге болады): сырттан не көрсе — сол дұрыс деген түсінік ұстап, жаппай қолданады. Мысалы, атағы әлемге таныс жеңіл салмақтағы UFC аралас жекпе-жек чемпионы Хабиб Нурмағанбетов жеңіс тұғырына көтерілген сайын авар халқының мәдени ерекшелігін білдіру мақсатында үнемі ақ жүні сыртына жалбыраған қой елтірінен көмкерілген бөрік киеді. Бұл Кавказ халықына тән құбылыс. Содан үлгі алған болу керек, аралас жекпе-жек сайыскері, UFC демеушілігімен жартылай орта салмақта өнер көрсетуші атақты жерлесіміз Шавкат Рахмонов қарсыласын жеңген сайын басына тымақ киеді. Бұны дұрыс деуге болмайды, өйткені бұл құбылыс ұлтымыздың мәдениетінің өзық үлгісін көрсетіп тұрған жоқ. Әлем жұртшылығы: Бұл қазақ деген халық жабайылау халық екен, түлкінің терісін басына қапсыра жамылып алғаны несі? — деген орынды сұрақ қоюы ықтимал. Оның алдыңғы бетінде қазақи ою орын таппаған, басқа да ұлттық ерекшелікті білдіретін белгі нышандары айқындалмаған. Түсінікті негіздерге байланысты осы талаптар орын табуы мүмкін де емес. Сондықтан ұлттық құндылықтарымызды қазіргі әлемдік талаптарға сай көрсету үшін бізге биік талғампаздық керек. Қазір әсем оюлы тақиялар шығарылып жатыр. Солардың арасынан таңдап, аса әдемілерін Ш. Рахмонов пен басқа спортшылардың бастарына кигізуге болды ғой. Тағы бір айта кетер жәйт. Кезінде, сайыс соңында Г.Головкинның арқасына шапан жабатын. Бірақ ол шапан ауырлау екендігі көзге түсіп, қазақи оюлары тым ірі көрініп, қазақтың ұлттық киіміне ұқсастығы шамалы болатын. Осыларды да ескеру дұрыс болар еді.
Осы кезде әлемге әйгілі жұлдыздар жануарлардың елтрін қолдануға қарсы белсенді іс-әрекет жүргізуде. Бұл қозғалыс кең танымал бола бастады. Атақты «Битлз» тобының жетекшісі Пол Маккартни жас эстрада жұлдыздарын аң терісінен бас тартуға шақырды. Оның үндеуін көптеген әлемдік жұлдыздар қолдады. Бұл үрдіс барша халықтың санасында күннен-күнге кең орын алып жатыр. Әлемдік сәнге бейімделген киім-кешек өндірісі жануарларға қатыгездікті доғаруға бет алып, табиғи елтірдің орнына өте жоғары сапалы жасанды елтірді пайдалануға көшуде. Жақында Лондон сән апталығы нағыз аң терісіне тыйым салатын бірінші жаһандық сән дизайны фестивалі болды. Осыдан бірнеше аптадан кейін АҚШ-тағы Лос-Анджелес өзінің қала шегінде тері өнімдерін өндіруге және сатуға тыйым салуға дауыс берді. Апта сайын дерлік тағы бірнеше элиталық сән үйі немесе атақты дизайнер жануарлардың елтірін пайдаланудан бас тартқан. Соңғы екі жылда Gucci, Майкл Корс, Джон Галлиано, Джимми Чу және Версаче осылай жасады. «Жасыл сәндегі» басымдығы сөзсіз Стелла Маккартни ешқашан жануарлар терілерінен өңделген шынайы елтірді мүлде пайдаланбаған
Осыған орай, біздің де әлемге танымал жұлдыздарымыз да аң терісінен жасалған бұйымдарды қолданбағаны жөн болар, әсіресе, олардың түлкітымақты ғимараттар ішінде киіп жүруі сөке екенін түсінгендері жөн. Қашанда жарасымды да сәнді нәрсеге ұмтылу керек. Келеке-күлкі болмайық, ағайын!
Нақыпбек Садуақастегі,
заңгер-құқықтанушы, публицист.