«Рухани жаңғыру» бағдарламасы қазіргі заманның тәуекелдері мен жаһандық талаптарын ескере отырып, ұлттық рухани құндылықтарды жаңғыртуға, Қазақстанның әлемдегі бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, ұлттық сәйкестікті сақтауға, азаматтардың мәдени білімін және сана-сезімін көтеруге бағытталған. Осы қасиеттердің барлығы қазақстандықтар үшін негіз бен тірек болуы тиіс.
«Рухани жаңғыру құндылықтары біздің басты рухани бағдарымыз болып қала береді. Тарихқа құрметпен қарау, Отанға адал болу, ғылым мен білімге деген ұмтылыс – мұның барлығы біздің халқымыздың бойындағы асыл қасиеттер»,-деді Президент.
«Бұл қасиеттер халқымыздың бірлігін және ұлтымыздың жасампаздығын нығайтады, бәсекеге қабілетті ел болуға жол ашады. Қазақстанды болашаққа бастайтын – жастар. Сондықтан бұл бағдарламаны жас ұрпақты тәрбиелеуге бағыттауымыз қажет», — деді Қ. Тоқаев.
Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының жарияланғанына жеті жыл өтті. Ежелгі ата-бабаларымыздың «Өз тарихын білген ел ешкімнен жеңілмейді» деген сөздерімен айтқанда, бұл бағдарламалық мақалада халқымыздың тарихи санасын қалыптастырудың негізгі бағыттары анықталған. Сондықтан, бұл бағдарламаны қоғамға рухани бағыт-бағдар беретін, болашаққа жол сілтейтін идея ретінде қарастырамыз.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы қоғамды біріктіруге, зиялы қауым мен жастарды, сондай-ақ барлық ұлт өкілдерін жарқын идеялар айналасына топтастыруға мүмкіндік береді. Бағдарламаның барлық бағыттарын жүзеге асыру үшін әлеуметтік, ғылыми-эксперттік қауымдастықтар, азаматтық қоғам өкілдері мен жастар белсенді түрде қатысуы қажет.
Бұл мақалада сананы жаңғырту, ұлттық болмысты және ұлттық кодты сақтай отырып, оларды әлемдік құндылықтармен үйлестіріп, Қазақстанның игілігіне пайдалану жолындағы мақсаттар мен мүдделер туралы маңызды мәселе көтерілуде. Елбасы Қазақстан үшін қайта түлеудің екі негізгі үдерісі – саяси реформа мен экономикалық жаңғыруды қолға ала отырып, Біртұтас Ұлт болу үшін болашаққа қалай қадам басатынын және бұқаралық сананы қалай өзгертетіні туралы алыс болжайтын көзқарастарымен бөліседі.
Рухани жаңғыру – адамның ішкі әлемінің жаңаруы, сана-сезімінің жаңа өзгерістерді қабылдай білуі. Рухани жаңғыруды өркениеттің дамуы мен байланыстырамыз. Тарихқа көз жүгіртсек, өскен ұлттың өркендеуіне «рухани жаңғыру» дәлел бола алады. Ұлан-ғайыр қазыналарымызды тиімді пайдалану, қорғау және ортақ мақсатқа жету арқылы түрлі саяси радикалды идеологияларға тосқауыл қоюдың жолын ұсынады. Ұлттық бірегейлікті сақтау. Үшінші қағидада ұлттық код, яғни халқымызға тән салт-санамыз бен асыл мәдениетіміздің бойымызда жалындап, үні шырқалып тұруы керектігі айтылған, сонда ғана алға басу мүмкін болады. Білім бағдарламалары елімізге тиімді үлес қосып келе жатқанын айта отырып, табыс тізгіні – білімді жастардың қолында екеніне назар аударудың уақыты келгені айқын айтылған.
Рухани жаңғыру идеясы ата-бабаларымыздың жермен, ұлтпен байланысын, ұрпақтар мен туған жердің тығыз қарым-қатынасын, адам мен табиғаттың бірлігін негіздейді. Бұл процесс ұлттық болмыстың негізінде мемлекет өмірінде қалыптасатын интеллектуалдық кеңістікті құрайды. Рухани жаңғыру жеке тұлғаны, ұрпақты, ұлтты және халықты табиғаттан, өзінің төл болмысынан ажыратпай, керісінше, әлеуметтік-рухани негіздерін сақтап, нығайтуға, қорғауға бағытталған.
Ата-бабаларымыз рухани жаңғырудың жеке адам мен халықтың тұлғаға айналуына ықпал ететінін терең түсінген. Батырлық, шешендік, тума талант иесі болу арқылы қазақ өнерінің тарихында терең із қалдыру – қазақ баласының жасампаздық рухының биіктігін көрсетеді. Ұлтына игілік әкелетін жаңашылдық қасиет тек өресі биік, жаңашыл адамдардың қолынан келеді. Сырттан келетін, елді әлсірететін, тәуелсіздіктен айыратын қауіптерге қазақ жастарының рухани деңгейімен қарсы тұруы, ауызбіршілігі мен білімінің арқасында саяси және тәжірибелік күшті жаумен теңесу қабілеті маңызды. Бұл жастардың ұлттық мүдде деңгейінде ойлану қабілеті мен болашақты зерделеуі қазақтың ұлдары мен қыздарының заман талабына сай екенін көрсетеді.
Рухани жаңғыру идеясы қоғамда интеллектуалдық ой-өрісті қалыптастыру үшін ұрпақтың мінсіз болуын талап етеді. Елдің өмірімен тығыз байланыста өскен ұрпақ өмірге белсенді түрде араласады. Мұндай адамдар елге жанашырлық танытып, өз қабілеттерін, жетістіктерін ел игілігіне арнайды. Жанашыр зиялы қауым өз заманының жетістіктерін білім, өнер, ғылым арқылы жастарға бағыттап, олардың жетістіктеріне қол жеткізуді мақсат етеді.
Рухани жаңғыру – бұл ұлттың, елдің болмысына тән құбылыс, халыққа ортақ ұғым және тарихи қажеттілік. Мемлекет – халықтың ортақ үйі, оны күтіп, қорғау, рухын сақтау міндеті қоғамнан бөлінбейді. Керісінше, мемлекет пен халықтың мүддесі, төл мәдениетімен тығыз байланыста болуы қажет. Адамдар заманның талаптарын зерделеп, білім арқылы оларды жүзеге асыру жолдарын іздейді. Ұлттық сана осындай деңгейде ойлауға жетелейді. Ұлттық сана елдің тарихы мен мәдениетіндегі тәжірибелер арқылы ұрпақтың уақытпен үйлесімділігін қамтамасыз етеді, нәтижесінде елдің тұтас ұлттық зердесі қалыптасады. Мұндай ұлттық сана тарихымызда үнемі танымдық қызмет атқарып келеді. Мысалы, түркі қазақ жұртының Мәңгілік Ел болу идеясы – ұлттың зердесінен туындаған. Мемлекет басшысы атап өткендей, адам өзінің мүмкіндіктерін тарихтың сүзгісінен өткізген сайын, уақыт талабын игеруге қабілетті болады.
Уақыт тоқтап қалмайды, ол үнемі алға жылжиды. Заманның ерекшеліктері мен белгілері ұрпаққа жүктелетін міндеттермен тығыз байланысты. Өз дәуірінің болашағын дұрыс бағамдай білген ұрпақ қана мемлекет мүддесін қорғап, оны келешек буынға табыстай алады. Аға ұрпақтың кейінгі буынға қалдыратын мұрасы – ұлттық құндылықтар. Бұл құндылықтар кейінгі ұрпақтың өмір сүруіне әсер ететін ұлттық қасиеттер. Ұлттық қасиеттер болмаса, ұрпақтың бірегейлікті сақтау ұстанымы қалыптаспайды. Абайдың сөзімен айтқанда, ұлттық сана болмаса, тек өз мүддесін ғана ойлайтын, ұлттық рухы жоқ адамдар пайда болады. Сондықтан, ұрпақтың заман талабына сай ізденуіне, рухани дамуына және бірігуіне ықпал ететін ұлттық код маңызды.
Рухани жаңғыру – жаңашылдыққа қол жеткізу, заманның жетістіктерін игеру. Жаңашылдық әлеуметтік ортадағы мәдениетпен өлшенуі тиіс, ал парақорлық пен жемқорлық белең алған кезде, жеке адамның және әлеуметтік ортаның рухани жаңғыруы тежеледі.
Егер қазақ халқының рухы көтеріліп, бәсекеге қабілеттілігі артып, өнері мен ғылымы дамып, мәдениеті мен дәстүрі үстем болса, мейірімді, адал, ақылды, білімді, бауырмал, ұлтшыл, елшіл, кеңпейіл, отаншыл адамдардан құралған қоғам құра алсақ, онда рухани жаңғыруды әр азамат өз жүрегімен сезінеді.
Венера ЖУМАБЕКОВА,
М.Әуезов атындағы ОҚЗУ-нің магистранты,
Дана ЖУНИСБЕКОВА,
п.ғ.к., доценті,
Азиза ИСА,
PhD, аға оқытушысы,
Алия СУЙГЕНБАЕВА,
т.ғ.к., доценті.