Шымкентте ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Ханбибі Есенқарақызының 75 жылдығына арналған «Хан қызындай Ханбибі» шығармашылық кеші өтті. Салтанатты жиынға қатысқан қала әкімі Ғабит Сыздықбеков ақын шығармашылығының маңыздылығына тоқталды.
— Ақынның қаламынан туған шығармалар оқырманды терең ойға жетелейді. Поэзия әлемінде қайсарлық пен адалдықтың символы болған Ханбибі Есенқарақызы қазақ әйелінің бейнесін айқындаған «Жібек» повесті арқылы проза жанрында да айрықша із қалдырды. Қаламыңыздан шыққан «Алтынай», «Нурикамал», «Қадиша» сынды әндер халық арасында кең таралды. Сіз ұлт мұрасын дамыту жолында аянбай тер төктіңіз. Саяси қуғын-сүргін құрбандарына қатысты тарихи шындықты қалпына келтіру жолында үздіксіз қызмет еттіңіз. «Қазақ тілі» қоғамында мемлекеттік тілдің кең ауқымда қолданысқа енуіне үлес қостыңыз. Бұл рухани тұтастық пен ұлт болмысын сақтаудағы маңызды қадам деп білемін — деді қала әкімі.
Мерейтойлық іс-шаралар аясында 60 ақынның қатысуымен «Ханбибі биігі» атты жыр мүшәйрасы өтті. Сондай-ақ Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің ұйымдастыруымен халықаралық ғылыми-теориялық конференция ұйымдастырылды.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі.