Қазақстан Республикасының қазаұ ұлты мен ондаған этностардан тұратын азаматтарын бірлік пен ынтымаққа, отаншылдыққа тәрбиелеп, өзара тату-тәтті өмір сүруге жұмылдыруда мемлекеттік тіл –қазақ тілінің маңыздылығы жоғары. «Түрі бөлек –тілегі бір» қазақстандықтар егемендік алған отыз жылдан астам мерзімде біртіндеп мемлекеттік тілді құрметтеп, оны меңгеруге кіріскен. Сондықтан да, 5 қыркүйек – Қазақстан халқының тілдері күні. Татулық пен тұрақтылықты, ынтымақ пен бірлікті ту еткен жүзден аса ұлттар мен ұлыстар мекен еткен егемен еліміз үшін маңызды мереке. Осыған дейін 22 қыркүйекте атап өтілген мерекенің 5 қыркүйекке ауысқандығы тарихи маңызға ие. Өйткені, атаулы күн қазақ әдебиетінің негізін қалаушы, қазақ халқының тағдыры мен тілінің болашағы үшін күрескен, Алаш арысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күнімен тұспас-тұс келуде.
Тіл саясатын іске асыру, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, тіл мәдениетін көтеру мақсатында Түркістан облысының барлық аумағында, аудандар мен қалаларда, елдімекендер мен мекемелерде, балабақшалар мен мектептерде көптеген шаралар ұйымдастырылды. Солардың арасында Жетісай ауданы мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Тілдерді оқыту және дамыту орталығы» КММ ұйымдастыруымен «Жетісай» мәдениет үйінде «Мемлекеттік тіл – Қазақстан халқын біріктіретін тіл» тақырыбындағы мерекелік іс-шара да болып өтті.
Жиынға аудан әкімдігі аппаратының басшысы Есенкелді Алданиязов пен аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еркебұлын Сейдалиев, «Тілдерді оқыту және дамыту орталығы» КММ директоры Құрманбек Рысмаханов пен Түркістан облыстық тәжік этно-мәдени бірлестігінің төрағасы Юлдаш Сұлтанов, тіл жанашырлары мен аудан тұрғындары қатысты.
«Тіл – кез-келген ұлт пен халықтың, жалпы адамзаттың негізгі қатынас құралы. Тілсіз өмір сүру мүмкін емес. «Ұлтты жоям десең, әуелі тілінен баста» деген ойдың астарында терең мағына жатыр. Расымен халқымыздың, дініміз бен діліміздің негізгі түп қазығы, ол – біздің ана тіліміз. Тіліміз бен ұлтымыздың жойылмауының жолында қаншама жанның құрбан болғанын ескерсек, ана тіліміз бен ата дәстүрімізге салғырт қарауға ешбіріміздің құқығымыз жоқ екенін аңғарамыз. Ана тіліміздің дамуы жолында аянбай еңбек етіп жүрген тіл жанашырларына алғысымыз ерекше.
Ауданымызда тұратын ұлттар мен ұлыстардың, түрлі этнос өкілдерінің бірлігі мен ынтымағына дәнекер болып жүрген ақсақалдарымызға да өз ризашылығымды білдіремін. «Тілге құрмет – елге құрмет». Баршаңызды мемлекеттік тілді құрметтей отырып оны жетік үйренуге шақырамын» деді Есенкелді Әшірханұлы.
Құттықтау сөз соңында бір топ тіл жанашырларына аудан әкімінің алғыс хаттары мен бағалы сыйлықтар табысталды. Мерекелік жиын барысында аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының орындауында патриоттық әндер шырқалып, мың бұралған бишілер түрлі этнос өкілдерінің биін биледі. Көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Бір топ тіл үйренушілер мен студенттер Алаш арыстарының ана тілі туралы өлеңдерін мәнерлеп оқып, жұршылықты рухани байытса, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің қызметкерлері «Мемлекеттік тіл – Қазақстан халқын біріктіретін тіл» атты кітап көрмесін ұйымдастырды.
Сол сияқты Қазақстан халқының тілдері күні мерекесіне орай Мақтаарал ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Тілдерді оқыту және дамыту орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен аудандық «Мақтаарал» мәдениет үйінде «Тіл – татулық тірегі» атты тақырыпта аудандық мерекелік іс-шара өтті.
Алаштың ардақтысы, қазақ тіл білімінің атасы, қазақ әліпбиінің негізін салушы, ғалым, аудармашы, ақын Ахмет Байтұрсынұлының туған күнінде тойланатын бұл мереке — Қазақстанда өмір сүріп келе жатқан барша халықтың мерекесі.
Ана тілі – әр адамның өз ұлтының жан дүниесі мен мәдениетінен, ғасырлар бойы жиған рухани азығынан нәр алатын кіндік тамыры. Тіл – ұлттың басты құндылығы. Тіл тағдыры – ел тағдыры.
Мерекелік іс-шараны аудан әкімінің орынбасары Саттаров Нұрбол Жақсылықұлы ашып, алдымен жиналған көпшілікті Қазақстан халқы тілдері мерекесімен құттықтады. Елімізде жүргізіліп жатқан салиқалы тіл саясатына тоқталып, қатысушыларды елді сүюге, жерді сүюге және ана тілін ардақтап, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге шақырды.
Сөзінің соңында аудан әкімінің атынан бір топ тіл жанашырларын Алғыс хатпен және сыйлықтармен марапаттады.