Қазақстан Республикасында Тілдер мерекесі белгіленіп, жыл сайын мерекеленіп келеді. Қазақ ұлтымен қатар көптеген этностар мекендейтін елімізде мемлекеттік тілмен қатар басқа этностардың тілдерін де дамыту жолға қойылған. Бірақ, мемлекеттік тіл барлық ұлт пен ұлыстарды қазақ халқының айналасына топтастырушы тіл ретінде әрбір азаматтың меңгеруі тиісті тіл болып табылады. Сондықтан да, тілдер күніне арналған мерекеде мемлекеттік тілдің мәртебесі мен маңыздылығы насихатталады. Тіл мерекесі қарсаңында көптеген іс-шаралар өткізіліп, басқа этностар өкілдерінің мемлекеттік тілді жетік меңгеруіне арналған байқаулар, жарыстар өткізіледі. Сол сияқты қазақ тілділер арасында тіл байлығын байыта түсу, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мақсатында да түрлі әс-шаралар ұйымдастырылады.
Түркістан облысы Полиция департаментінің Ақпараттық саясат бөлімі ұйымдастырған тіл апталығы аясында «Тіл қаруы – сөз» тақырыбында полицейлер арасында мақал-мәтел және жаңылтпаш айту байқауы өтті.
Сайыстың басты мақсаты- полиция қызметкерлерінің сөз өнеріне деген ынтасын арттырып, мемлекеттік тілдің мәртебесі мен маңызын насихаттау.
Байқау топтық сайыстан тұрып, оған 16 ауданнан үш полицейден қатысты. Тәртіп сақшылары экраннан көрсетілген мақал-мәтелдің жалғасын тауып, жаңылтпаштарды жаңылмай айтудан өзара жарысқа түсті.
Нәтижесінде шапшаң әрекет етіп, көбірек ұпай жинаған Түркістан қаласының полицейлері жүлделі І-орынды иеленді. ІІ-орынды Түлкібас ауданы, ІІІ-орынды Созақ ауданының тәртіп сақшылары алды. Сайысқа қатысушы командалар мен жүлдегерлерге департамент бастығының Грамотасы мен бағалы сыйлықтары тапсырылды.
Байқау барысында полицейлер тек мақал-мәтел мен жаңылтпаш айтып қана қоймай, өз бойындағы Отанына, еліне, жеріне, тіліне деген сүйіспеншілік пен мақтаныш сезімін арттырды.
Сол сияқты Түркістан облысы Полиция департаменті Ақпараттық саясат бөлімінің ұйымдастыруымен өтіп жатқан « Мемлекеттік тіл-менің тілім » атты тіл апталығы аясында «Өнерліге – өріс кең» тақырыбында полицейлер арасында ұлттық аспаптарда ойнау және өз өнерін көрсету байқауы өтті.
Байқау полиция қызметкерлері арасында ұлттық өнердің мәртебесі мен маңызын арттыруға бағытталған. Сондай-ақ басты мақсат — мемлекеттік тілді кеңінен насихаттау. Бұл конкурста әділ қазы алқалары полицейлердің аспаптарда ойнауы мен патриоттық әндерді нақышына келтіріп шырқауына баса мән берді.
Түркістан облысына қарасты аудан, қала полициясынан келген 10-нан астам қызметкер қазақтың қара домбырасын, сазсырнайын тартып, әуелетіп ән шырқап, өздері шығарған өлеңдерін оқып, өнерлерін ортаға салды. Сайыс өте тартысты өтті.
Әділ қазылардың шешімімен жүлделі І-орын Бәйдібек ауданынан келіп, домбырамен терме айтып, көрермен көңілінен шыққан Ермек Тұрғанбекұлына берілді. Ал ІІ-орынға Сарыағаш аудандық полиция бөлімінің инспекторы, полиция майоры Русланбек Үстеміров лайықты деп танылды. ІІІ-жүлделі орын сазсырнай мен домбырада қатар ойнап, ән шырқаған Кентау қаласынан келген полиция аға лейтенанты Бағжан Төреханқызына бұйырды. Жеңімпаздарға жүлделі сыйлықтар мен департамент бастығының Грамотасы табысталды.
Осылайша, құқық қорғау саласында қызмет ететін азаматтар арасында өткен мемлекеттік тілді насихаттау мен мәртебесін арттыруға арналған байқаулар көпшіліктің көңілінен шығып, мемлекеттік тілдің мәртебесін асқақтата түсті.