Зайырлылық құқықтық ұстаным ретінде дін мен мемлекет қатынасын реттейтін тетік. Сонымен қатар зайырлылық-құндылық. Конституциямыздың 1-ші бабында келетін зайырлылық – демократиялық, құқықтық және әлеуметтік мемлекет жүйесінің дін құбылысымен қарым-қатынасын реттейтін ұстаным. Осы негізде зайырлы құқықтан мақсат, дінге сүйенбеген құқық, ал зайырлы мемлекет дегенде діни сенім, яғни ақидаларға негізделмеген мемлекет ұғынылуы тиіс.
Зайырлы елде мемлекет дінге араласпайды деген сөз, діннің иман, құлшылық, діни оқу және оқыту істеріне кедергі болмайды, сонымен қатар белгілі бір діннің жетегінде де кетпейді дегенге саяды. Демократиялық биліктің ең басты міндеті халық үшін қызмет ету болса, сол халықтың діни қажеттіліктерін ескеріп, оларды қамтамасыз ету де ең басты міндеті болуға тиіс. Сонымен «дін – мемлекеттен бөлінген» деген тіркесті дұрыс түсінгеніміз абзал. Мемлекеттің негізінде мәдениет, мәдениеттің мазмұнында да дін құбылысы жатқан болса, онда мемлекет өз баяндылығы мен бар болуының алғы шарты болып табылатын діннен бөліне алмайды. Ол діни бірлестіктерден, арнайы танымдық ағымдардың идеологиясынан бөлек болады. Мысалы, Ислам діні негізінде әртүрлі жамағат болуы мүмкін. Солардың барлығына тең көзқараспен қарай алса, онда «мемлекет өз функциясын» атқарғаны. Бұл – зайырлылық талабы.
Қазір мемлекеттің ең басты проблемасы – дін төңірегінде туындап жатқан танымдық, саяси, болмыстық мәселелер. Қоғамдық институттар да посткеңестік құндылықтардың орнын толтыруды діннен іздейді. Ал мемлекеттік институттар оны заманауи жахандық шаблондармен алмастырғысы келеді. Ортада адам факторы, оның санасы, білімі, қабілеті деген кедергілер шығады да екі институт арасында үйлесімсіздік пен қайшылықтар туындайды…