Қазақ баладан қариялыққа жеткенше жас буын, орта буын және аға буын деп өсу ерекшелігіне қарап топқа бөлген. Күн санап дамып, жетілетін балаларды – жас буынға жатқызса, өсу мөлшері шектелген, ақыл-ойы толысқан азаматтарды – орта буынға жатқызған. Кейінгі ұрпаққа жөн сілтеп, ақылшы, отағасы қарияны – аға буынға жатқызса керек.
Мемлекет цикліндегі буындар теориясына байланысты Еуропа ғалымдары Нейл Хоув пен Вильям Штраус мынадай ой түйеді: «Даму, тұрақтылық, дағдарыс үнемі кезектесіп тұрады. Қоғам дамиды, құндылықтар алмасады, сұраныс өзгереді. Алайда заңдылық бір. Мемлекеттің даму сатысындағы бұл өзгерістер әр буынның көзқарасына әсер етеді. Бір қарасаң экономикалық, саяси, әлеуметтік жағдай бір, рухани даму алғышарттары да ортақ. Алайда буын көзқарасы бірдей ме? Жоқ. Бірақ ортақ бір дүние бар». Бұл кісілердің даму кезеңі — аға буын, тұрақтылық кезеңі — орта буын, дағдарыс кезеңі — жас буын тобы болу керек. Ата, әке, бала заманындағы сұраныстар әр түрлі болғанымен отанға деген құндылықтар ортақ болатыны белгілі. Әр буын өзінше идеал мемлекет құруға атсалысады. Иә, Абайдан сөз қалған ба! Абай Құнанбайұлы «буын» деген сөзді «толқынға» теңеп:
Дүние — үлкен көл,
Заман — соққан жел,
Алдыңғы толқын ағалар,
Артқы толқын інілер,
Кезекпенен өлінер,
Баяғыдай көрінер.
Қазақ поэзиясының заңғары Мұқағали Мақатаевтың осынау жыр жолдарында:
Толқыннан толқын туады,
Толқынды толқын қуады,
Толқынмен толқын жарысад…
Бүгінгі орта буынның өкілі көптеген әдеби, тарихи танымдық мақалалар мен жинақтардың авторы, филолог Асылбек Байтанұлының мақаласында: Мағжанның әйгілі «Толқын» өлеңін айтайын деген ойымыздың ыңғайына, дәстүр жалғастығына бағыттасақ, адуын айбары шалқар айдындағы алып кемені шайқалтқан алдыңғы толқынның ізін қуар жалғасының екпіні мен биіктігі қалай болмақ?…