Діни ағартушылық ағымның бүкіл Шығыста, Орта Азия елдерінде түгел орнағаны, оның терең тарихы қазақ халқының кешегі, бүгінгі өмірінде үлкен маңызға ие. Шынтуайтына келгенде, Қазан төңкерісіне дейін рулық-патриархалдық, феодалдық қоғамды басынан өткерген қазақ елінің алғашқы уақытта большевиктік жүйеге, Кеңестік саясатқа мойынсынбаушылығының бірден-бір себебі де қоғамда берік орнаған мұсылман дінінің қағидаттарының, осыған негізделген діни-ағартушылық ағымның әсер-ықпалында жатыр.
Діни-ағартушы бағытта шығармашылық мүмкіндіктері әртүрлі ақындар еңбек етті. Бірақ шығармасының мазмұны, түрі әрқилы, идеялық көзқарастары сан алуан, шеберлік деңгейі түрліше болғанымен, бұл бағыттағы ақындарға тән бірнеше басты белгілер бар. Бірінші белгісі – бұлар – діни мектептерде оқып мұсылманша білім алған ақын-жазушылар. Олардың орыс оқуымен, орыс жазушыларының шығармаларымен атүсті ғана таныстығы болды. Екіншіден, бұлар – шығыс әдебиетін, оның түрлі әдеби мектептерін жетік біліп, озық үлгілі дәстүрін, көркемдік тәсілдерін өз бойына үйір етіп, өз шығармаларын сол деңгейде жазуға талпынғандар. Үшіншіден, бұлардың көпшілігі ірі медреселерде білім алып, Ташкент, Бұқара, Қазан, Стамбул сияқты діни орталықтарда болып, ислами әдебиеттің классикалық үлгілерімен танысып, діни ілімнің қыр-сырын меңгергендер.
Діни-ағартушылық бағыттағы ақындар ішінен Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармашылығындағы дүниетаным ерекшелігі зерттеушілер назарын жиі аудартып келеді. Танылған әрбір құбылыстың танымда із қалдырары хақ десек, дінді дендеп білген, өз дәуірінің озық ойлы рухани тұлғасы болған Шәкәрім қажының әдеби мұрасынан иман-ислам тақырыбының көрнекті орын алуы заңды да. «Ойласам, көрген бейнет, тартқан қайғы болыпты не біреуден не өзімнен» деп, тірліктің мәнін тереңдей ұғынған ақын жырларына жазмышқа мойынсұну, әр істің ғибраты мен хикметін сезінгендіктен заманға шағынбау, таза ақылмен тапқан діннің тағылымынан туған парасатты көнбістік, ғапылдықтың салдарын терең ұғынып, уағыз-насихат пен ақылгөйлік сарынға бейімделу тән. Сарапшыл, сыншыл, зияткерлік деңгейдегі діндарлық дарыған Шәкәрім өлеңдерінде Жаратқанға деген жалбарынуды Жарға деген махаббат алмастырған.
Қ.Салықбаев
Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын
ұйымдастыру және үйлестіру
бөлімінің басшысы