Сол үшін де, оларға бір жақты қарауға әсте болмайды. Себебі, әдет-ғұрыптардың ішінде тыйым салынатыны, сондай-ақ рұқсат етілетіні, тіпті орындалуы қажет болып табылатындары да бар. Сонымен қатар елімізде соңғы кезде дәстүр мен дінді бөліп қарайтын жастардың көбейіп бара жатқандығы алаңдатады. Дәстүрді діннен бөліп қарауды кейбір жат ағымдар әдейі теріс пиғылмен насихаттап отырса, ал енді бір жастар білместікпен солардың сөздеріне еріп, ата-баба дәстүріне қарсы шығуда. Қай заманда болмасын дін ісі де, дүние ісі де бейбітшілік жағдайында ғана көгеріп-көктейді. Біз келер ұрпаққа халқымыздың асыл құндылықтарын, ділін дұрыс жеткізе білуіміз қажет. Сонда ғана тәуелсіз кең байтақ дархан еліміз бар деп мақтанышпен айта аламыз.
Дін мен дәстүр – әрдайым біздің ұлттық болмысымыз болып қала бермек. Халқымыздың салт-дәстүріне, ұлттық ерекшеліктеріне бүгінгі күнде үлкен мән берілуде. Бұған дәлел ретінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың: «Біз салт-дәстүрімізден ажырамауымыз керек. Радикалды неофиттар халқымыздың салтында жоқ киім үлгілері арқылы да жат діни идеалдарды қоғамға таңуға тырысып жүр. Бұл біздің дәстүрлі ұғымдарымыз бен құндылықтарымызға жасалып жатқан ашық шабуыл екені анық. Біз бабаларымыздың сан мыңжылдық діни ілімі мен рухани бағдарына арқа сүйеуіміз керек. Еліміздің рухани дербестігін сақтап, оны нығайта түсеміз десек, түркі халықтарының көпшілігінің, соның ішінде қазақтардың дәстүрлі діні – сунниттік бағыттағы ханафи мәзһабына ден қоюымыз қажет», — деген ғибратты сөзі дәлел бола алады.
М.Алиасқар
Түркістан облысы дін істері басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің
«Оңалту жұмыстарын ұйымдастыру»
бөлімінің маманы