Сонымен қатар бұл үрдіс жаңа босанған әйелдің аяқ-қолын бауырына алып, ыстық сорпа ішіп, өзіне-өзі келу мақсатында жасалады. Мұндай қамқорлық ертеңгі күнгі баланың дұрыс өсіп-жетілуіне және әйелдің денсаулығы мықты болуына тигізер әсері көп. Ата-бабаларымыз босанған әйелді қырық күн бойына жылы үйде ұстап, ерекше күтім жасаған. Ислам дінінде де әйел босанған уақыттан бастап, қырық күн бойы бірқатар жеңілдіктер берілген. Яғни, денсаулығына байланысты айдың кейбір уақыттарында намаз оқымайды, ораза ұстамайды. Тағы бір мәселе – ақиқаға сойылатын малдың үкімі жайында. Сойылатын қой барлық жағынан алғанда семіз әрі күтімді болуы тиіс.
Қазақтың ең үлкен дәстүрлерінің бірі шілдехана тойы да Ислам дінімен тығыз байланысты. Бұл дәстүр жаңа туған баланың туғанына қырық күн толғанда жасалатын үрдіс. Осы тұста шілдехана сөзінің қайдан шыққанына тоқтала кетсек. Шілдехана сөзі парсы тілінен енген. Шил – «40», хана – «той» деген мағынаны білдіреді. Яғни босанған әйелге қырық күн толған күні ел жұрт жиналып, үлкен той жасап, нәрестені бесікке салады. Діни тұрғыдан айтар болсақ, босанған әйелге қырық күн аяқталған соң намаз оқып, ораза тұтуға, қажылыққа баруға, Құран кітабын ұстауға рұқсат етіледі. Біздің қазіргі қоғамда, әртүрлі діндер мен түрлі өркениеттер тоғысқан тұста мұндай елдік, діни дәстүрлер толыққанды сақтала бермеуі мүмкін. Немесе дінді ұстанғансып, ділдік дәстүрлерімізден қалып қоятын жағдайға жол беріліп жатады. Керісінше салт-дәстүрлерді ұстандым деп, діни қайшылыққа да орын берілетін кездер де аз емес.
Егер әдет-ғұрып шариғатқа қайшы келмесе, оған Ислам діні тыйым салмайды. Халқымызда «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деген керемет нақыл сөз бар. Осыған орай: ғұрыптардың барлығы дерлік әлбетте бірдей емес деп айта аламыз…