Бүгін Сауран ауданында БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз-туры өтті. Тур аясында журналистер Жүйнек ауылдық округінде жаңадан ашылған «Asia Brand» жиһаз цехының жұмысымен танысты.
Аталған кәсіпорында 30 қызметкер тұрақты жұмыспен қамтылған. Ұйымшыл ұжымда түрлі этнос өкілдері бір шаңырақ астында еліміздің дамуы жолында еңбек етуде. Саланың сан қырлы ерекшелігін мінсіз меңгерген оларды өз кәсібінің шынайы майталмандары деуге болады.
Негізінен тұрмыстық жиһаздарды өндіретін кәсіпорында жатын және қонақ бөлмеге, ас үйге арналған жиһаздар өндіріледі. Сондай-ақ, түрлі шкафтарды жасап шығарады. Өндіріс орнының жылдық қуаттылығы — 10 000 дана.
Кәсіпорын басшысы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Ұйғын Әбішевтің сөзінше, жиһаздарға отандық және түрік материалдары қолданылады. Сондай-ақ, фабрика өнімдері сапа менеджменті сертификатымен расталған. Бүгінде цех қызметкерлері жиһаздың сан түрін жасап шығарып жатыр.
Жалпы жиһаз өндіру бойынша нарықта 13 жылдан астам тәжірибесі бар «Asia Brand» ЖК жиһаз өндірісін бір қызметкермен бастаған. Кәсіпорынның негізгі өндіріс орны Түркістан қаласында орналасқан. Онда 150-ден аса адам еңбек етеді. Облыс орталығында жылына Түркістан қаласының брендіне айналған ас үйге және жатын бөлмесінің жиһаздар мен шкафтың 22 мың данасы өндірілуде. Компания өз өнімін сату үшін Қазақстанның барлық ірі қалаларында 14 қойма ашса, бұдан бөлек Өзбекстан және Ресей мемлекеттеріне экспорттап жатыр.
Айта кетсек, өткен жылдың желтоқсан айында Астана қаласында өткен салтанатты жиында «Asia Brand» кәсіпорыны Президенттің «Алтын сапа-2023» сыйлығына ие болды. Аталған кәсіпорын диплом, байқау эмблемасымен және жеңімпаздарды келесі кезең – ТМД-ның өнім және қызмет көрсету сапасы саласындағы байқауына қатысуын ынталандыру үшін 450 АЕК мөлшерінде қаржылай сыйақымен марапатталды.
Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ баспасөз қызметі