Қасиетті рамазан айының екінші онкүндігінде Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытов Жетісай қаласындағы «Жамал апа» мейрамханасында аудан жұртшылығына арнап ауызашар берді.
Бұл дәстүрлі дастарханға аудан имамдары, ардагерлер мен әртүрлі салада еңбек етіп жүрген белсенді азаматтар қатысты.
Ел ағалары ауыз бекіткен жандарды қасиетті аймен құттықтап, өзінің жылы лебізін жеткізді. Ораза айы еліміздегі барша ұлттар мен ұлыстарды ынтымаққа ұйыстырып, бірлігін нығайта түсетінін атап өтті. Иманды күшейтіп, азаматтарымызды қайырымды іс жасауға, жақынына көмектесіп, мұқтаждарға қолұшын беруге жігерлендіретінін айтты.
Ауызашарда ауданның бас имамы ұстаған оразаның қабыл болуына тілектестік білдіріп, жамағатқа арнап оразаның пайдасы мен ұстау қағидалары жөнінде, берілетін садақа, қайырымдылық шаралары туралы сөз сөйледі. Сонымен қатар, бас имам ораза ұстау адамдарды жақсылыққа бастап, мейірімділікке баулып, бір-біріне деген қамқорлығын арттыратын ұлық іс екенін айта отырып, ауызашар беруді ұйымдастырып отырған аудан әкімінің игілікті ісіне алғысын жеткізді.
Жиын соңында бес парыздың бірін орындап, ораза тұтқан жамағаттар бақилық болған барша отандастарымыздың рухына құран бағыштады. Елдің ертеңі жарқын болуын тілеп, дұға жасасты.
Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі