Қасиетті Рамазан айының соңғы жұмасы күні Бәйдібек ауданының әкімі Ерлан Нұрмаханов «Қажы ана» дәмханасында барша ауыз бекіткен аудан жамағаты мен көпшілікке арнайы дастархан жайып, ауызашар берді.
Ерлан Нұрмаханов ауызашарда барша аудан тұрғындарын қасиетті Рамазан айымен құттықтады.
— Қадірлі жерлестер! Баршаңызды Рамазан айымен шын жүректен құттықтаймын! Айлардың Сұлтаны Рамазан – татулыққа, мейірім мен ізгілікке үндейтін қадірлі ай. Бүгін Рамазан айының соңғы жұмасымен «Қадір түні» қатар келіп отыр. Рамазан айындағы отыз күн тұтқан оразаларыңыз, жасаған амалдарыңыз бен ізгі ниеттеріңізді Алла тағала қабыл етсін. Баршаңызды келесі жылдың Рамазан айына аман-есен жетуге тілектеспін деп, ыстық ықыласын білдірді.
Ауызашарда аудандық мәдениет үйі мен О.Тайманов атындағы саз мектебінің өнерпаздары ұлттық аспапта түрлі термелер орындап, жиналған қауымға жарапазан айтты.
Аудан тұрғындары атынан ардагер журналист Серікбай Тұржан, Бағдат Қалаубай, Белгілі композитор Қалдыбек Құрманәлі, ардагер ұстаз Қарашаш Есенбекқызы сөз алып, Рамазан айындағы ізгі тілектерін жеткізіп, арнайы дастархан жайып ауызашар беріп отырған аудан басшы Ерлан Заипұлына алғыстарын білдірді.
Ауданның бас имамы Еркін Полатов, Түркия елінен арнайы келген Мұстафа Генш құран оқып, ауызашар дастарханына бата берді.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі