Бүгін ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында «Бала жазған ертегі» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.
Аталған кітап белгілі журналист, «Ақылдым» балалар журналының редакторы, Түркістан облыстық ҚХА жанындағы Журналистер мен блогерлер клубының мүшесі Бейсенкүл Нарымбетованың бастамасымен әрі қолдауымен жарыққа шықты.
Жас балғындардың зейінін ашып, ой-өрісін кеңейтетін жаңа туынды «Қызмет» газетінің баспасында жинақталып, шығарылған. Жаңа кітапта балалардың қиялынан туған қызықты ертегілер енген. Сыртқы мұқабасы да тартымды әрі тілі жеңіл.
Бұл жинақ «Ақылдым» балалар журналы мен Farab кітапханасы бірлесіп өткізген «Ақылды балаға сыйлыққа — Ақылдым» жобасының жемісі. Жаңа жоба балаға жастайынан кітап оқуды насихат етіп, өздерінің де қиялына ерік беріп, ертегі жазуды бастап берген тың бастама болғанын айта кеткеніміз жөн.
Елордадағы таныстырылымды Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы директорының орынбасары Рысбек Ермекұлы ашып берді.
Сондай-ақ шарада Оқу-ағарту министрлігі жанындағы тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің директоры Меруерт Әскербекқызы, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының директоры Ғазиза Құдайбергенқызы құттықтау сөз сөйлеп, ақын Серікбол Хасан және ҚР Парламент Сенатының депутаты Әлішер Сатыбалдиевтар кітаптың тұсауын кесті.
Шара соңында Бейсенкүл Нарымбетова қорытынды сөз алып, балалар әдебиетін және балалар газет-журналдарын дамытудың маңыздылғына тоқталды.
Естеріңізге сала кетсек, «Ақылды балаға сыйлыққа — Ақылдым» облыстық байқауына облыс бойынша аталған байқауға 235 бала қатысып, байқау финалына 18 қатысушы жолдама алған болатын.