Қазақ халқының ғасырлар бойы аңсаған арманы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заң 1991 жылдың 16 желтоқсан күні қабылданды. Дүниеге жаңа мемлекет – Тәуелсіз Қазақстан келді.
Еңсемізді тіктеп, егемен ел атанып, өз алдына отау тігіп дербес мемлекет атанған Қазақстан қаншама қиындықтарға жолықса да тастай берік төзімділіктің арқасында, жалпақ әлемге өзінің өршіл үнін, өркениетке деген үмітін мойындатты. Ата-бабаларымыздан мұра болып қалған ұлан-ғайыр атамекен жеріміз, отарлық жоя алмаған тіліміз, мәдениетіміз тек қана қазақтың рухының күштілігімен сақталды.
Әрине, 32 жылдың ішінде еліміз қол жеткізген жетістіктер өте көп. Атап айтар болсақ, 1991 жылы Қазақстан егеменді ел болды. 1991 жылдың 2 қазанында қазақтың тұңғыш ғарышкері, Халық Қаһарманы Тоқтар Әубәкіров ғарышқа сапар шекті. Дәл осы жылы Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының мүшесі атанды. 1992 жылдың маусымында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік туы», «Қазақстан Республикасының мемлекеттік елтаңбасы», «Қазақстан Республикасының мемлекеттік әнұраны туралы» заңға қол қойылды.
1993 жылдың 28 қаңтарында Қазақстан Республикасының тұңғыш Ата заңы қабылданды. Осы жылы 15 қарашада ұлттық валютамыз – теңге айналымға енді. 1995 жылы 30 тамызда жалпыхалықтық референдум негізінде Қазақстан Республикасының Ата Заңы қабылданып, 5 қыркүйек күні өз күшіне енді. 1997 жылы 20 қазанда Қазақстанның жаңа астанасы Ақмола қаласы болғанын ресми түрде жарияланды.
Бүгінде Қазақстан – әлемдік қоғамдастықтағы жауапты да құрметті әріптесі, Орталық Азияның шешуші елі. Қазақстан 32 жылдың ішінде жоғарғы көрсеткіштерге ие болып, саяси сахнада өз биігіне жетті.
Біз қуатты тәуелсіз мемлекетімізбен ғана ұлт ретінде жер бетінде сақталамыз. Осы айнымас ақиқатты берік ұстануымыз қажет. Қазақ халқы осынау ұлан-байтақ жерін ешкімнен қол жайып сұрап алмады, ешкімнен тар¬тып та алған жоқ, жалға да жалбарынып өтінбеді. Тәуелсіздік бізге бабалардан қалған ұлы құндылық. Осы құндылықты бабаларымыз ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен соңғы қасық қаны қалғанша қорғап қалды. Ұрпаққа аманат етті.
Шындығында халық даналығында «Тәубенің зоры – тәуелсіздік» деген қанатты сөз бар. Ата-бабаларымыздың аңсаған арманы – тәуелсіздіктің бесігінде тербеліп, еркін өмір сүріп жатқан біздер шынайы бақытты жандармыз. Ендігі мақсат – осы еркіндікті, егемендікті баян¬ды ету жолында аянбай тер төгіп, жұмыла еңбек ету.
«Қазақстан» егеменді ел болып, дүниежүзіне танылды. 120-дан аса ұлт өкілдері тұратын осынау қасиетті ме¬кенде, асқақтаған өлкеде, кеңшілігі керемет дархан дастархандай дала¬да, егіні теңіздей толқыған, төрт түлігі өрбіген, өндірісі өркендеген мекенде өмір сүруші әрбір адам өз Отанын жанындай сүйіп, оның көк байрағын көкке көтеруді мақтаныш тұтады.
Тәуелсіздік – ең басты құндылығымыз. Тәуелсіздікке қантөгіссіз, бейбіт түрде қол жеткізгеннен кейін ғана елімізді әлемнің өркениетті мемлекеттерінің қатарына қоса алдық.
Қазіргі таңда елімізде барлық сала бойынша алға ілгерілеушілік анық байқалады. Халықтың әл-ауқаты, тұрмыс жағдайы жақсарған, қазақ тілді мектептер мен балабақшалар саны артқан. Білім мен денсаулық саласына өте жоғары деңгейде мән беріліп келеді. Дүние жүзіндегі көптеген елдермен қарым-қатынасымыз күннен-күнге жақсара түсуде. Осы атқарылған жұмыстар мен жетістіктеріміз – Тәуелсіздіктің жемісі.
Зинеш АЙТЖАНОВА,
Қызылорда облысы,
Арал ауданаралық
әділет басқармасы басшысының міндетін атқарушы.


