Біздің мемлекетіміздің, халқымыздың, елдің тәуелсіздігін, демократиялық құндылықтарын айқындайтын негізгі құжат – Конституция. Мемлекеттік құрылыстың құқықтық негізін қалыптастырушы құжат -Ата заңымыз біздің өмірдегі басты бағдаршамымыз болып қала береді. Ол адам мен азаматтың Конституциялық мәртебесін белгіледі, экономикалық құрылыстың негіздерін айқындады.
Онда мемлекеттің барлық құрылымдарының, жеке азаматтардың, ұлт пен ұлыстың, әлеуметтік топтардың мақсаттары, мүдделері мен міндеттері, құқықтары көрсетіледі. Ендеше, сан жылдар бойы қалыптасып, жалпыға ортақ міндетті қамтыған ең жоғарғы күші бар Ата Заңымыз өмір талабына сай жасақталды. Ендеше, Конституция еліміздің жарқын болашағы үшін ұзақ жылдар жемісті қызмет ететіні сөзсіз.
Бүгінде Республикамыздың қол жеткен табыстарына бүкіл Орта Азия мемлекеттері қызыға да қызғана да қарауда. Өркениетті елдердің барлығы да Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық жағынан басқалардан көш ілгері екенін ашық мойындап отыр.
Конституция тек мемлекеттің ғана емес, қоғам өмірінің жол көрсетушісі – Ата Заңы болып табылады. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына, қоғамдық бірлестіктерге, отбасына және тағы басқаларға қатысты барлық мәселе осы Ата заң аясында шешім табатынын ешқашан естен шығармауымыз керек.
Конституцияны бірауыздан қабылдай отырып, Қазақстан халқы мемлекеттік биліктің бірден-бір қайнар көзі – өзінің егемендік құқығын іске асырды. Сөйтіп, біз Ата Заңда негізі қаланған құқықтық мемлекетті және азаматтық қоғамды қалыптастыру жолын таңдап алдық. Әрине, Қазақстан халқының егемендігі тек Конституция қабылдаумен ғана тиянақталмайды. Ол мемлекеттің аса маңызды мәселелерін шешу үшін халықтың бойындағы барлық конституциялық-құқықтық мүмкіндіктерді де жинақтап, қарастырады.
Мемлекет өмірінің аса маңызды мәселелерін талқылау және шешу кезінде құқықтық санасы жоғары әрбір азамат Конституцияда көрсетілген жауапкершілікті жан-жақты сезінуі қажет. Қоғамның бүгіні мен болашағы үшін, жалпы алғанда, өз Ата Заңымызды құрметтеп, қорғап және маңыздылығын жоғалтпай сақтау біздің барлығымыздың, яғни Қазақстан Республикасындағы әрбір азаматтың міндеті мен парызы. Себебі, Конституция біздің бүгініміздің негізін қалай отырып, болашағамыздың айқын болуына бастайтын шамшырақ іспетті десек артық айтқандық бола қоймас.
Қазақстан Конституциясы заңдылықты ғана емес, сонымен қатар этикалық, әлеуметтік жағын да қамтитын, мемлекеттің негізгі құрылымдарын қалыптастырудағы халқымыздың бірлескен үлкен жетістігін білдіретін Республиканың бейресми символы болып табылады.
Қазақстанның мемлекеттік-құқықтық даму бағдарламасы халықтың өмір сүру жағдайын, адам және азаматтардың құқығы мен бостандығының қорғалуы, мемлекеттің жоғары билік органдарына қадағалау жүргізіп, бақылап отырады. Конституция қоғамның орнықты дамуына зор үлесін қоса отырып, азаматтық әділетті қоғамның қалыптасуын қадағалап отырады. Конституциялық нормаларды іске асыру мен қадағалау біздің республика заңының дамуына бағытталады. Жергілікті өзін-өзі басқару реформасында сайлау заңдылығының енуі конституцияның дүниежүзілік қауымдастыққа кіруінің негізі ретінде танылады.
Еліміздің құқықтық мемлекетке айналуы, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын ойдағыдай қорғау, бауырында жүздеген ұлт пен ұлысты топтастырған елімізде саяси тұрақтылықтың сақталуы – осы Конституцияның арқасы.
Ата заңымыздың келешекте еліміздің алдыңғы қатардағы мемлекет болуына, демократияның, тиімді экономикалық реформалардың қалыптасуына жағдай жасайтын басты нормативтік құжат болатыны анық. Бұған қол жеткізу үшін әрбір азамат Конституцияда көрсетілген өз құқықтары мен міндеттерін терең түсініп, сақтауы қажет.
З.АЙТЖАНОВА,
Қызылорда облысы, Арал ауданаралық әділет басқарма басшысының м.а.
ҚР «Заңгерлер одағының» мүшесі.