Біз қанша көз жұмып қарасақ та, күн сайын, тіпті, сағат сайын әлемнің әр түкпірінде туындап жатқан жер сілкінісі, орман өрті, өзендердің тасуы, жердің опырылуы, емі жоқ аурулар, мал індеті, қуаңшылық, судың тартылуы, айта берсең кете беретін осындай табиғи апаттар адам тіршілігіне орасан зор қауіп төндіруде. Халқымыз жерді анаға теңеп, әлпештеп келген саналы қауым еді. Бүгінгі адамзат сол саналық деңгейінен құлдырап барады. Тек жеке бастың қамын ойлайтынымыздың өзі айтуға ұят.
Расында, менің бала күнім отарлық саясаттың өршіп тұрған кезінде өтті. Ол кездегі отарлық идеология әсерінен өз ұлтыма деген өзгеше көзқарасымның болғанын жасыра алмаймын. Олар көшпенділердің ұлы мәдениетін жоққа шығарумен қатар біздің ата-бабамызды тек көшіп-қонып жүретін жабайы, мәдениеті жоқ тобыр ретінде ғана көрсететін. Сондай идеологияның әсеріне ұшыраған мен де, менің замандастарым да біраз уақыт солай «ауырып» жүрдік. Біздің өткеніміз жасық, басқалардікі асыл болып та көрінетін. Алғаш қалам ұстап, жазуға жаттыға бастағанда тіпті өз ұлтымды кемсіте жазған дүниелерім де жеке архивімде сақтаулы. Кейде ақтарып отырып, өзімнен-өзім ұялатыным бар. Ол менің кінәм емес. Алайда бүгінгі өткен тарихымыз түгенделіп, ұлттық болмысымыздың шынайы бет-бейнесі айқындалып, мәдениетіміздің мәйегі жарқыраған тұста сол кезде жіберген кемшілікті санадан тазалап, ата-бабаларымыздың асыл қасиетін айқындап бере алмау үлкен қателік болғалы тұр.
Әрине, мен көшпенді халықтың ұрпағымын. Оны тура мағынасында түсінсең, көшіп-қонып жүретін, сайда саны, құмда ізі қалмайтын жұрт. Ал шынайы мәніне үңілсең, судың тұнығын ішіп, шөптің шүйгініне мал жайып, жаз жайлау, күз күзеу, қыс қыстау, көктемде көктеулікке төрт түлігін өсіріп, ырысын байытып, бақытын шалқытқан ел. Көшпенділер мәдениеті, руханияты, өнері туралы жазып жатқандар көп. Мен олардың қоршаған ортаны қорғау, экологиялық тепе-теңдікті сақтау, табиғатты аялаудағы таңғажайып тапқырлығы туралы сөз қозғамақпын. Сондай-ақ, бүгінгі адам баласына апат әкелген алапаттардың емін сол жолдардың сүрлеуінен іздеудің қажеттілігін ұсынсам артық болмас.
Қазақ халқы ең алдымен су қадірін терең сезінген халық. Ата-бабаларымыздың ізі әлемнің қай бұрышында қалмады дейсіз?! «Барар жерің Балқан тау, ол да біздің көрген тау», «Тар түп, кең түп, оған да сәлем бердік» деп келетін қанатты сөздер көп бізде. Балқан тауды бәріміз білеміз. Қысқасы, Еуропаға кіретін қақпа, Тар түбі – Үнді мұхитының жағалауы болса, Кең түп – Солтүстік мұзды мұхиты мен Америка құрлығына өтетін Аляска жазығы (бұрынғы атауы басқа болуы мүмкін). Осы тұста әлемнің төрт бұрышын шарлаған бабаларымыз ең соңында кезіндегі Тұран, бертінгі Қыпшақ, бүгінгі қазақ даласын қалайша таңдады деген заңды сұрақ туындайтыны белгілі. Ол су қадіріне деген сүйіспеншілік еді. Осыдан бес жыл бұрын Жапонияның Токио қаласында өткен Әлемдік экологтар қауымдастығының халықаралық конференциясында су мәселесі сөз болды. Сол жиында жапон ғалымдары судағы элементтердің құрамы туралы ең соңғы ғылыми-талдау қорытындысын жариялады. Олардың пайымынша, судың құрамында 170-тен астам элемент болады екен. Соның бәрі Орталық Азиядағы өзендерден толықтай табылыпты.
«Ауру – астан» дейді халқымыз. Қазақтың асы сусыз жасалмайды. Демек, біздің бабаларымыз сол кездің өзінде дүниені шарлап жүріп, судың тұнығы бар жерге орналасты да, содан бері тапжылмай тұрып қалды. Сондай-ақ, тарихымызды шолып көретін болсақ, соғыстың көбі өзен-дариялардың қайнарын алу үшін болыпты. Қазіргі Қазақстанды суландырып отырған Іле мен Ертіс, Еділ мен Жайық, Шу мен Талас өзендері үшін қаншама қан төгілгенін енді-енді біліп жатырмыз. Осы өзендерге иелік еткен қазақ іргедегі жауға, алыстағы дұшпанға дес бермеп еді. Өкінішке қарай, отаршылдар қазақты өзен мен дарияның қайнарынан айырғанда ғана тізгіндеуге болатынын сол кезде сезінді де, ойлағанын іске асырды. Отарлаушылар Іле мен Ертістің басына Еділ мен Жайыққа, Шу мен Таласқа, Сыр мен Әмударияның қайнарына ұмтылды.
Халқымызда суға дәрет сындырмау туралы тыйым бар. Ашығын айтсақ, зәр адам денесінен шығатын сұйықтық. Біздің ата-бабаларымыз кезінде осындай сұйықтықты суға төккізбей, таза сақтаған өзен-көлдердің бүгінгі жағдайы жан ауыртады. Өзен бойына салынған зауыттар мен кәсіпорындардан шыққан сарқынды суға бақылау жүргізуге салғырт қарайтынымыз өкінішті-ақ. Соның салдарынан бұлақтар сарқылды, теңіз жануарлары мен өсімдіктер жойылып, шұрайлы жерлер шөлейтке айналып барады. Кезінде ақындарымыздың жырларынан оқитын шөп пен ағаштың келешекте тек атауы қалатын сияқты. Мұндай жағдай әлем бойынша өзекті. Демек, қазіргі бүкіл дүние, соның ішінде өзіміз де суды қадірлеуден ажырап барамыз.
Мұны қорғаудың бір жолы – бәрін заңмен ретке келтіру. Өкінішке қарай, еліміздің заңы ағашты отап, суды лайлаған, экологияны бүлдіріп, табиғатты ойрандағандарға әкімшілік жаза қолданудан аса алмай келеді. Жалғыз ғана ҚР Экология кодексінің өзі барлық заңбұзушылыққа жауап бере алмай тұр.
Өкініштісі, жыл сайын арғы беттен бері қарай ағып өтетін Іле мен Ертіс суының көлемі азайып барады. Соның салдарынан Балқашқа қауіп төне бастады. Эколог ғалымдардың айтуынша, Балқаш көлін суының тереңдігі 4 метрге түсіп кетсе, бір күнде буланып кететін көрінеді. Қазір оған екі метр жетпей тұр. Демек, ертерек ойланбасақ, аймағымызда екінші Арал қасіреті орнап қалуы әбден мүмкін. Балқаш сарқылса, Жеті суы арқыраған жер жаннаты Жетісудың хәлі не болмақ?
Қазақ – таза халық. Арыға бармай-ақ қоялық, бала күнімізде жазда жайлауға, күзде күзеуге, қыста қыстауға, көктемде көктеулікке көшіп жүргенді көзіміз көрді. «Бір жерде отырып та өмір сүруге болады ғой» деп ойлаушы едік сонда. Сөйтсек, бұл көш табиғатты қорғаудың ең ұтымды тәсілі екен. Ол бір жағынан мал мен жанды індеттен сақтау үшін болса, екіншіден, қоршаған ортаны қорғаудың ең озық амалы болып шықты. Соның әсерінен табиғат ойран болмайды, өсімдік құрымайды, су лайланбайды. Тіпті, тіршілік көзі мен азық-түлікті табиғи өнімнен алатын адамдарға ауру-сырқау жолай алмайды. Оны қойшы, жайлауда қалың ағаштың ішінде отырсақ та үлкендер жас талды кестірмейтін. Отқа малдың қиын немесе қураған ағашты жағатын. Өйткені, қазақтар орманның оталуы қоршаған ортаны бүлдіріп, судың тартылуына, тіршіліктің бүлінуіне әкеп соғатынын білген.
Қазір ше, сол аталарымыз көзінің қарашығындай қорғаған орманды отап біттік. Үй тұрғыздық, жиһаз жасадық. Үйіміз көздің жауын алатын жиһазбен толып тұрғанымен, дала қу медиенге айналды. Соның салдарынан су тартылып, жерді құм басып барады. Амазонка аңғарындағы ауыр жағдай, Сібір ормандарының оталуынан туындаған Солтүстік мұзды мұхитындағы мұздықтардың еруі, Іле мен Жоңғар Алатауының қосылған тұсындағы ормандардың мейлінше кесілуінен Тянь-Шань тауларындағы мұздықтардың еруі біздің өмірімізге әсер ете бастады. Шоқан Уәлихановтың жазбаларында Іле өзеніне құятын 27 кіші өзеннің аты аталады. Соны түгендеп көріп едім, ұзын санын 11-ге жеткіздім. Олардың су қайнары да өзен деуге келмейді, бұлақ болып қалған. Өткен жылы әлемнің тек екі өңірінде өсетін, Қазақстанның байлығы саналатын, Ұйғыр ауданына қарасты Ерентоғайдың 17 гектар аумағы қурап қалғанын күйіне жаздық. Бірақ нақты шара әлі де қабылдана қойған жоқ. Осының бәрі – орман байлығын орынсыз пайдаланудан келген зардап. Бұл соңғы 30 жылда болған қауіпті құбылыс.
Кейінгі бес жылда әлемнің кейбір аймағында болған соғыс салдарының да табиғатқа келтірген зияны санап тауысқысыз. Қираған қала, құлаған үйді айтпай-ақ қоялық, қаншама гектар табиғи орман, қолдан жасалған жасанды бақ, гүлзарлар отқа оранып, су қоймалары жермен-жексен болды. Бұл бізден шалғайда болып жатқанымен, оның Жер шарына келтірген зиянын ешкім есептеген жоқ. Бүкіл әлем біртұтас тұлға деп есептесек, ол жақта болған өрттің зардабы ертең бізге құм болып ұшып, ауру болып тарап, құйын болып қаптап келмесіне кім кепіл?! Осы тұрғыдан келгенде, біздің бабаларымыздың тағы да аңғарымпаздығына тәнті боласың.
Қазақ даласында ат ауыздығымен су ішіп, ер етігімен су кешкен дәуірлер өтті. Осы далада сан мыңдаған жауынгер қатысқан ұлы шайқастар болды. Арғысын айтпағанның өзінде, бізге көп таныс Бұланты, Білеуті, Алакөл, Шыңғыстау, Аңырақай, Түркістан шайқастарын зерделеп көретін болсақ, бәрі табиғатқа еш залалы тимейтін жерде болыпты. Шайқастар орманы сирек, үлкен өзендерден алыс аймақтарда жүрді. Бабалаларымыз орманды өртке орағысы келмеді, шылқыған қан, дертпен суды лайлап, жұқпалы ауруларды таратқысы келмеді. Сондықтан олар табиғаттың осы бір тосын апатынан өздерін де, келешекті де сақтап қалу үшін ашық жерлерді таңдап алған.
Қазір бүкіл дүниежүзі экологиялық апаттардың алдын алу үшін күресіп жатыр. Тіпті, өткен жылы экологиялық мәселеге оң көзбен қарамағандығы үшін Чили халқы өз Президентіне қарсы шығуға дейін барды.
Бір сөзбен айтсақ, біздің бабаларымыз табиғаттың байлығын қалай қорғаса, сол қасиетті өзімізге де, бүкіл әлемге де үлгі ететін күн туды.
Қажет АНДАС