Биыл Түркістанда 4 миллионнан астам көшет отырғызу жұмыстары тиянақты жоспарланған. Бұл жоспар облыс орталығына айналған Түркістан шаһарында 2023 жылға дейін толықтай аяқталуы керек болатын. Аумақты жасыл желекке айналдыру арқылы климатты өзгертуге мүмкіндік жоғары. Яғни қаланың экологиялық ахуалын тұрақтандыру және қолайлы климат қалыптастыру мақсатында облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен апта сайын сенбілік те өткізіледі. Осы орайда облыс орталығы 32 секторға бөлініп, көгалдандыру, абаттандыру жұмыстары қарқын алуда. Жылбасынан бері сенбіліктер де аз ұйымдастырылған жоқ. Сенбілік шараларын өткізуге облыстық Қоғамдық даму басқармасы, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы мен үкіметтік емес ұйымдар және ерікті жастар бастама көтерген болатын. Шараны қолдап, көне шаһарды жасыл желекке орауды мақсат тұтқан облыс әкімінің орынбасары, облыстық қоғамдық даму басқармасы, аудан, қаладан 22 үкіметтік емес ұйым, ерікті жастар, «AMANAT» партиясы облыстық филиалы мен «AMANAT» жастар қанаты, Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы, облыстық этномәдени бірлестіктер өз үлестерін қосуда.
Қарашық өзені аумағында арнайы көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп жатқан 5 учаскеде тал егіп, суару жұмыстары жүргізілген. Көгалдандыру жобасына сәйкес, биыл 180 мың түп көшет егу жоспарланып, бүгінгі күнге 130 мың данасы егілді. Облыс орталығын көркейту жұмыстары ары қарай да жалғасын таппақ. Жоспарға сәйкес қала ішіне 250 мың түрлі көшеттер егіледі. Қала сыртынан құрылатын Жасыл белдеуге 7700 га аумаққа 3,5 млн түп, оның ішінде 2300 гектарға 628 мың дана, өткен жылы 2400 гектарға 1 млн дана егілсе, 3000 гектарға 1,9 млн дана түп әртүрлі көшет егу жоспарланып, бұл игі іс облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына жүктелген. Жасыл белдеу құрылатын аумақтың 572 гектарына көктемде 160 мың көшет егілді. Қалған 1428 га аумаққа қазіргі күнде 468 мың түп әртүрлі көшет (қарағай, қарағаш, айлант, калифорния терегі, жиде, өрік, алма, алша, клен, т.б ) егу жұмыстары басталды.
Сонымен қатар туған жер табиғатына ұқыпты қарауды насихаттау, экологиялық мәдениетті дамыту және құқықбұзушылықтың алдын-алу мақсатын көздеген жыл сайын дәстүрлі түрде «Парктер шеруі» экологиялық акциясы өткізіліп тұрады. Аталған акция барысында Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркі аумағында су айдындарын тазалау, тораңғы ағашын, қызғалдақ гүлін, жабайы аңдарды қорғау секілді шаралар өткізіледі.
Екі айға созылған экологиялық акцияның ашылуы Сауран ауданы, Құсшы ата елді мекені «Балауса» балалар сауықтыру лагерінде өткен. Өскелен ұрпаққа экологиялық тәрбие беру мақсатында мектеп оқушыларының сайысы форматында өткізілген додаға саурандық және кентаулық жас экологтар қатысып, балалар өз топтарын таныстырып, қоршаған ортаны қорғауға насихаттайтын сахналық көріністермен қазылар алқасының көңілінен шықса, табиғат туралы нақыл сөздер, мақал-мәтелдер айтумен жарысып, күмбірлеген күйлер ойнады. Жарыс барысында жеткіншектер өздері жасаған қолөнер бұйымдарымен көпшілікті таныстырды. Салтанатты іс-шара қатысушыларына табиғи парк әкімшілігі сияпаттар мен алғыс хаттар табыстады. Экоакцияның ашылуына орай Құсшы ата елді мекеніндегі екі мектептің аумағына орманшылар ағаш отырғызып берді.
Құрылғанына 10 жыл толып отырған табиғат қорғау мекемесі елімізге бұқар бұғыларының питомнигімен әйгілі. Парк аумағын басып жатқан торанғы орманы елімізде Сырдария мен Іле өзендері жағалауында ғана кездеседі. Ал Бәйдібек ауданында орналасқан Тұттыбұлақ сарқырамасы соңғы үш жылда парктің ең танымал демалыс орнына айналған. Табиғи парк қызметкерлері экологиялық полиция өкілдерімен қызғалдақты жұлудың алын-алу рейдтеріне шықпақ. «Ғалымдардың айтуынша Қазақстан қызғалдақтардың отаны болып табылады. Бұл керемет гүлдер Ұлы Жібек жолы арқылы Түркияға, сосын Голландияға жеткен. Ғылымдар гүл атауын парсы toliban (шығыс халқының бас киімі) сөзінен шыққан деп пайымдайды. Қазіргі таңда Қазақстан аумағында қызғалдақтың 34-тен астам түрі өссе, оның 18 түрі Қазақстанның Қызыл Кітабына енген. Бұлардың ішінен Грейг, Борщов, Берікқара (Кауфман), Түркістан, Леман, Бузе, т.с.с. танымал. Эндемиктер қатарына Колпаковский, Зинаида, Борщов, Островский, Регель, жалған қосгүлді, Альберт, Кеш қызғалдақ болып есептеледі» – деп түсіндірді М.Айтимбетов. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 339 бабында Қызыл кітапқа, сирек, құрып бара жатқан өсімдік жануарларды жою үш мың АЕК (10 350 000 теңге) айыппұл немесе қоғамдық, түзету жұмыстарына тарту, тіпті бостандықтан айыруға әкеледі.
Жоспарға сәйкес, аудан, қала әкімдіктеріне басқармаға қарасты орман шаруашылығы мекемелерінен өткен жылдың күз айлары мен 2023 жылдың көктем айларында 345,0 мың түп әртүрлі көшет егу жоспарланып отыр. Биыл күз айында 203,4 мың түбі егілді. Ауа райының қолайлы мерзімін пайдаланып, аудан, қала әкімдіктері көшет егу жұмыстарын жүргізуде.
Биыл облыстың орман қоры жерлеріне 16 200 га аумаққа мәдени орман екпелерін егу жоспарланған болатын. Бүгінгі таңда 13,0 мың гектары, яғни 80 пайызы егілді. Жоспар жыл соңына дейін толығымен орындалады деп күтілуде. Түркістан қаласы мен облыстың экологиялық жағдайы тұрақталып, жақсару үстінде. Табиғатымызды көркейту, жасыл желектерімізді көбейту бағытында облыс және қала тұрғындарын табиғатқа жанашырлықпен қарауға, әрбір азаматты қалыпты өмір сүруі үшін қоршаған ортамызды аялап, облысымыздың көркеюіне өз үлесін қосуға шақырамыз, – деді Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиев. Айта кетейік, Мемлекет басшысының республика аумағында экологиялық ахуалды жақсарту үшін 2 млрд. көшет егу, ал, елді мекендерде 15 млн. түрлі ағаш көшеттерін отырғызу тапсырмасын орындау барысында жұмыс жүріп жатыр. ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен облыс әкімдігі бірлесіп, облыс бойынша 5 жылда 132 мың гектар жерге 217,4 миллионнан аса ағаш көшеттерін отырғызуды көздеп отыр. Бүгінде осы бағытта тиісті жұмыстар атқарылуда.
Осы тұста Түркістан облысында 170 миллион көшет отырғызу жоспары қолға алынды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2021-2025 жылдары республиканың орман алқаптарында 2 млрд. және қалалар мен елді мекендер аумағына 15 млн. ағаш көшеттерін отырғызу тапсырылған. Осыған байланысты 2025 жылға дейін облыста орман қорына тиесілі 110 210 гектар алқапқа 170 млн. көшет отырғызу жоспарлануда. Ал қала мен елді мекендерде 1149 га аумаққа 1 млн. 81 мың түп көшет отырғызу көзделіп отыр. Бүгінде осы бағытта тиісті жұмыстар атқарылуда.
Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес, 2022-2024 жылдары облыстың елді мекендерін көгалдандыру жоспары бойынша жұмыстар атқарылып келеді. Бүгінде «Түркістан облысының елді мекендерін көгалдандырудың 2022-2024 жылдарға арналған іс-шара жоспары» бекітілді. Жоспарға сәйкес, аудан, қала әкімдіктерін көгалдандыруға қажетті көшеттермен қамтамасыз ету Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасына жүктелді. Ал елді мекендерді көгалдандыруға берілген көшеттерді егу, күтіп-баптау, қала, аудан әкімдеріне тапсырылған.
Осы орайда Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиев бастаған жұмысшы топ Отырар ауданы мен Арыс қаласына арнайы іссапармен барып, жиын өткізді. Мұндағы мақсат – аудан, қала әкімдіктерінің елді мекендерді көгалдандыру, балық шаруашылығын дамыту және қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған полигондарды заңдастыру мен қайта өңдеу салаларында атқарылып жатқан жұмыстарымен танысу. Мәжіліске Түркістан облысы бойынша экология департаментінің бөлім басшысы және аудан, қала әкімдері, көгалдандыру жұмыстарын үйлестіру бойынша бекітілген қызметкерлері мен салаларға жауапты мамандар және кәсіпкерлер қатысты.
Жиында аудан, қала әкімдіктерінің елді мекендерді көгалдандыру, балық шаруашылығын дамыту және қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған полигондарды заңдастыру мен қайта өңдеу салаларында атқарылып жатқан жұмыстар талқыланып, салаларға қатысты ұсыныстар мен өзекті мәселелер айтылып, келелі ойлар тыңдалды. Сондай-ақ Отырар ауданына «Жасыл белдеу» құруға жер телімдерін бөлу мәселелері қаралып, нақты шешім қабылданатыны жайлы айтылды.
– Облыс әкімдігінің бастамасымен Түркістанда 2019-2022 жылдары қала айналасынан 7700 гектар жерге «Жасыл белдеу» құру жоспарланған. Бүгінгі таңда барлығы 13 629 гектар жерге көшеттер егіліп, күтіп-бапталуда. Облыстың орман шаруашылығы мекемелерінің тұқымбақтарында 30 млн. данадан астам әртүрлі орман ағаштарының көшеттері өсіріліп жатыр. Алдағы уақытта ол көшеттердің санын 60 миллионға жеткізу жоспарлануда. Бұл жұмыстар облыстың аудан, қала және елдімекендерінде жасыл желек құру мен көгалдандыруға, экологияның тұрақтануына оң әсерін тигізеді. Орман шаруашылығы саласының заңнамаларына сәйкес, Түркістан облысында егілген мәдени екпелердің нормалық жерсіну пайызы 50 % болып бекітілді, – деді Табиғи ресурстар жән табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиев.
Сондай-ақ басқарма басшысы облыс аумағындағы 158 полигонда 92738 тоннаға жуық қалдық жинақталған. Оның 17 621 тоннасы қайта өңдеуге бағытталып, қайта өңдеу көлемі 19% -ды құрап, жоспар толығымен орындалғанын жеткізді. Түркістан облысында балық шаруашылығын дамытуға басымдық беріледі. Мәжілісте осы саланың болашағын талқылады. 2021-2030 жылдарға арналған «Балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламасы» бекітілді. Бағдарламаға сәйкес, 2030 жылға дейін, тауарлы балық өсіру көлемін 20 мың тоннаға жеткізу жоспарлануда. 2022 жылы 6199,85 тонна тауарлы балық өндіріліп, жоспар 101,4 пайызға орындалды. Облыс әкімінің тапсырмасын іске асыру мақсатында аудан, қалаларда 2023-2025 жылдары жаңадан балық шаруашылықтарын ашу, іске асыру жоспары бекітіліп, жолданды.
Балық шаруашылығын дамыту мақсатында мемлекеттік қолдаулар көрсетіледі. 2023 жылға акваөсіруге – 500,0 млн теңге, инвестициялық салымдарға 226,0 млн теңге қаралып, 1 наурыздан бастап беріледі. Сонымен қатар «Түркістан ӘКК» АҚ арқылы осы салаға жеңілдетілген несие беру жұмыстары жүргізілуде. Осы бағытта несие алуға 14 кәсіпкерден 5,4 млрд. теңгеге болжамды ұсыныстар түсті. Сондай-ақ облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, саланы дамыту үшін инвесторлар тарту жұмыстары жүргізілуде. Айта кетейік, жұмысшы топ бүгіннен бастап ақпан айына дейін өңірдегі барлық аудан, қалаларды аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
Осыған дейін өткен жиындар нәтижесінде жауапты мамандар көгал жұмыстарына белсене кірісті. Түркістан қаласын көгалдандыру, жасыл алқап көлемін ұлғайту, климаттық жағдайын жақсарту жұмыстары жалғасады. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды осы салаға жауапты басшылармен бірге Түркістан қаласындағы «Жасыл аймақ» мекемесінің рекреациялық аймағына, ескі әуежай алқабына, орман тұқымдағына және техникалық базасына арнайы барды. Жұмыстарымен танысты.
Ескі әуежай аумағындағы алқаптың 450 гектарына сексеуіл егілген. Ал орман тұқымбағының көлемі 120 гектар болса, оның 6 гектарына тамшылап суғару жүйесі орнатылған. Қазіргі таңда орман тұқымбағында жалпы 41 түрлі ағаш-бұта көшеттері өсірілуде. Рекреациялық аймақ – 167 гектар, оның 80 гектары тамшылау суғару жүйесі арқылы суғарылады. 208 мың түптен астам әр түрлі ағаш-бұталар өсіріліп жатыр. Техникалық базасында 81 дана арнайы және қосалқы 67 техника бар.
Аталған аумақтарда айлант, үйеңкі, шаған, қарағаш, жыңғыл, терек, туя, арша, сексеуіл, итмұрын, сексеуіл, акация, катальпа, итмұрын және өзге де көшеттер отырғызылған. Мамандар сексеуілдің жерсінуі және өнімділігі жоғары екенін жеткізді.
Дархан Сатыбалды аймақты көгалдандыру, орман алқабын қалыптастыру бағытындағы ізденістер мен жұмыстарды жалғастыруды тапсырды. Қала аумағын көгалдандыру, абаттандыру, инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары сапалы атқарылуы тиіс. Кезекті рет тарихи шаһардағы маңызды нысандарды аралаған Дархан Сатыбалды жауаптыларға осындай тапсырма берді. Өңір басшысы алдымен әкімшілік-іскерлік орталығындағы 7 және 30-көше бойындағы саябақтың құрылысын қадағалады. Саябақтың аумағы – 10,5 гектар. Көгалдандыру алаңы 61 мың шаршы метр болса, ойын алаңшалары мен спорт алаңшалары да салынбақ. Сонымен бірге 2 мыңнан астам ағаш отырғызылып, 300-ге жуық жарықшам орнату көзделген. Белсенді өмірге бастайтын саябақта тұрғындар мен қонақтарға тынығуға жағдай жасалады.
– Жұмысты жоспарға сай сапалы атқарыңыздар. Аяқжолдар, абаттандыру жұмыстары талапқа сай болуы тиіс. Ауа райының ерекшелігін білесіздер. Осы аумаққа жерсінетін акация, тұт, қарағаш және өзге де төзімді ағаштарды көптеп егу керек. Егіп қана қоймай, жан-жағын байлап, дауылдан қорғаған жөн. Әсіресе, көлеңке беретін жапырақты ағаштарға басымдық берілгені дұрыс, – деген Дархан Сатыбалды жауапты басшылар мен мердігерге нақты тапсырмалар берді.
Мұнда қазіргі таңда ағаш отырғызу, резервуар және скважина жүргізу, аяқжолдар тақтайшаларын орнату, топырақтарды тегістеу, газон егу, суғару жүйелерін жүргізу жұмыстары атқарылып жатыр.
Одан кейін Түркістан қаласы үшін аса маңызы бар І.Қожабаев көшесіне жол төсеу барысы да сарапталды. Жолдың ұзындығы – 5,6 шақырым, санаты – жалпықалалық 4-6 жолақты магистралды жол. Құрылысы былтыр басталған жол биыл күзге дейін тапсырылады деп жоспарланып отыр. Сонымен бірге мамандар «Арыс-Түркістан» каналының бойына қауіпсіздік баспалдақтарын орнату жобасы туралы да айтып берді. 19 шақырымға жуықтайтын каналдың әрбір 500 метрі сайын арнайы ескерту белгісі мен қауіпсіздік баспалдағы орнатылады деп межеленген. Өңір басшысы жол құрылысын сапалы етіп аяқтауды, құрылысын қатаң бақылауды тапсырды. Қалада халық саны өсетінін, осыған сәйкес инфрақұрылым да дамып отыруы керек екеніне тоқталды.
Облыс әкіміне «Ащысай су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының жұмысы таныстырылды. Су резервуары – Түркістан, Кентау қалаларын ауыз сумен қамтитын стратегиялық нысан. Қазір бұл резервуар талапқа сай жұмыс істеп тұр. Мамандар су құрамын, сапасын тұрақты түрде тексеріп, зерттеп отырады. Халық саны артуына немесе су тұтыну көлемінің күрт артуына да арнайы жоспар жасалған. Су қоры жеткілікті.
Түркістан болашағы жарқын шаруашылыққа бейім шаһар. Бес жылда облыс орталығы оңтайлы өзгерістермен толықты. Межеленген жобалар мен жоспарлар аясында облыс орталығы және де еселеніп өзгеретіні хақ.