Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы әзірленді. Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев жобаны таныстырды.
«Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы халықтың өмір сүруіне қолайлы орта құруға және елдегі экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған. Оның ішінде атмосфералық ауа сапасын жақсарту, өндіріс және тұтыну қалдықтарымен тиімді жұмыс істеу, суды тиімді және ұқыпты пайдалану, Балқаш көлі мен Солтүстік Арал теңізінің экожүйелерін сақтау, сирек кездесетін және жойылып бара жатқан жануарлар түрлері мен ихтиофаунаның санын ұлғайту, сондай-ақ ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құру, жасыл екпелер алаңын ұлғайту, табиғат пен жануарлар дүниесіне ұқыпты қарауға дағдыландыру арқылы биологиялық әртүрлілікті сақтау, сондай-ақ халықтың экологиялық санасын жаңғыртуға баса мән беріледі.
Жоба 2021-2025 жылдар аралығында жүзеге асырылады. Іске асыру үшін қажетті қаржыландыру көлемі 1 413 126,354 млн теңгені құрайды. Барлығы 61043 жұмыс орны құрылады, оның ішінде 830-ы тұрақты болса, 60213 уақытша қызмет атқарады.
«Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы 4 бағыттан және 11 міндеттен тұрады. Олар:
1. «Таза Қазақстан»
1-міндет. Атмосфералық ауа сапасын жақсарту;
2-міндет. Қалдықтарды тұрақты басқару;
3-міндет. Елдің су объектілерінің экожүйелерін сақтау;
Бұл бағыт аясында 5 жылдың ішінде 16 ірі өнеркәсіптік кәсіпорында шығарындыларды 20%-ға төмендету жоспарланып отыр. Қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлектеп жинауға арналған 8 мыңнан астам контейнер орнату, сондай-ақ олардың үлесі мен кәдеге жаратылуын 18%-дан 34% -ға дейін ұлғайту жоспарлануда.
2. «Үнемді Қазақстан»
1-міндет. Суды үнемді пайдалану есебінен өнімділікті арттыру;
2-міндет. Энергия тиімділігін арттыру;
Бұл бағыт бойынша суды үнемді пайдалану арқылы өнімділікті арттыруміндеті аясында 401 арнаны реконструкциялау және 212 арнаны цифрландыру есебінен суару кезіндегі су ысырабын 4 текше шақырымға азайту жоспарлануда. Ұлттық жобада суарылатын жерлерді 600 мың гектарға ұлғайту шаралары қарастырылған.
3. «Табиғат»
1-міндет. ЕҚТА дамыту;
2-міндет. «Іле-Балқаш» МТР -де жануарлардың сирек кездесетін және жойылып бара жатқан түрлерінің санын қалпына келтіру;
3-міндет. Балық ресурстары мен басқа су жануарларын сақтау
4-міндет. Ормандарды сақтау және сауықтыру;
Үшінші бағыт бойынша ұласып өсуі кемінде 65%-ды құрайтын 2 млрд ағаш отырғызу, сондай-ақ сирек кездесетін және жойылып бара жатқан жануарлардың санын қалпына келтіру шараларын жүргізу жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру көзделіп отыр.
4. «Экология болашағы»
1-міндет. Білім беру жүйесіне экологиялық аспектілерді интеграциялау;
2-міндет. Қазақстанда экобағдарланған ақпараттық кеңістікті қалыптастыру;
Төртінші бағыт халықтың экологиялық білімі мен мәдениеті деңгейін арттыруға бағытталған. Ұлттық жобаны іске асыру халық үшін қолайлы өмір сүру ортасын құру және экологиялық жағдайды жақсарту, көлдердің суы сапасын жақсарту, сондай-ақ суару кезіндегі ысырапты азайту мүмкіндігіне баса назар аударылады.
Н. Үсенова