Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен көгалдандыру жұмыстары атқарылып жатыр. Осы ретте Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков Шолаққоран ауылының ішкі көшелерін аралап, көркейтіп, көгалдандыру мақсатында жауапты мамандарға жүктелген тапсырмалардың орындалу барысын назарға алды.
Аралау барысында Шолаққорған — Түркістан бағытындағы жол бойында арналасқан «Жасыл белдеу» аумағында болды. Онда отырғызылған тал көшеттерін күтіп-баптау мақсатында жасалып жатқан жұмыстарды бақылап, жауапты мамандарға уақытылы суғарып, дәрілеу жұмыстарын назарда ұстауды тапсырды.
Айта кетейік, биылғы жылы ұлғайтылған «Жасыл белдеу» аумағына қосымша бақша дақылдары егіліп, қоршау жұмыстары толығымен аяқталды. Суды үнемдеу мақсатында тамшылатып суғару жүйесі енгізілген.
Сонымен қатар Шолаққорған ауылы, Қазыбек би көшесінің бойында орналасқан екі қабатты, көп отбасылы тұрғын үйлердің қасбеттерін қалпына келтіру мақсатында жасалып жатқан жұмыстарды назарға алды. Шолаққорған ауылдық округі әкіміне тұрғын үйлердің жоғарғы қабатына қажетті техникаларды дер кезінде жұмылдырып, бұл бағыттағы жұмыстарды тездетіп аяқтау керектігін ескертті.