Бүгін Созақ ауданы, Бабата елді мекенінде Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңіс мерекесіне орай, спорт саласында аудан, облыс көлемінде өшпестей із қалдырған Рахымжан Батырбаев атындағы жабық футбол алаңы ашылды.
Заманауи үлгідегі кіші футболға арнап ашылған ойын алаңының құрылыс жұмыстарын ауылдың 1962 жылы туған азаматтынан бастап, 2002 жылға дейінгі жастары жұмыла көтерді.
Жасанды алаң, жабық ғимарат кез-келген мезгілде доп тебуге ыңғайлы. Футбол алаңының ашылуына аудан әкімінің орынбасары Ақәділ Сатыбалды арнайы қатысып, тұрғындарды Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңіс мерекесімен құттықтады. Сондай-ақ өскелең ұрпақ арасында салауатты өмір салтын насихаттауға және ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан жеткен жетістіктері мен туған жердің кешенді дамуына өлшеусіз үлес қосып, елді ізгі мақсатқа жұмылдыра білген ауыл азаматтарына аудан әкімінің алғыс хатын табыс етті.
Ашылу салтанаты аясында “Туған жерге тағзым” атты концерттік бағдарламалар ұйымдастырылып, қол күрес пен қазақ күресінен турнир өткізілді. Жарыс жеңімпаздарына сый-сияпат пен арнайы мақтау қағаздары тапсырылды.
Шараға жиналған құрметті қонақтар соғыс жылдарында ерлік көрсеткен жауынгерлердің рухына арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Тарихқа құрмет көрсетілді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі