Статистикалық деректерге сүйенсек, Шымкент қаласында 1 075 спорт ғимараты бар. Оның ішінде 520 ғимарат дене шынықтыру және спорттық бағытта жұмыс істесе, 503 спорт ғимараты білім мекемелерінде орналасқан. Сонымен қатар, шаһардағы спорт мекемелеріне тиесілі ғимарат саны – 52. Спорт нысандарының 149-ы жеке меншікте екен.
Спорт нысандарының түрлері бойынша жіктер болсақ, Шымкент қаласында 3 стадион, 1 спорт сарайы, 5 спорттық ғимараттар кешені және құрама командалардың 2 оқу-жаттығу орталығы мен 18 спорт кешені халыққа қызмет көрсетіп жатыр.
Мұнан бөлек 37 спорттық манеж, 1 ипподром, 1 ескек есу базасы, 5 тир, 7 ату алаңы мен 1 хоккей, 11 бассейн мен 23 теннис корты, 89 алаң мен 526 спорттық алаң және 275 спорт залы да жұмыс істеп тұр.
Жалпы, Шымкент қаласының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспары нысаналы индикаторларымен ерекшеленеді. Соның ішінде спорт саласы бойынша белгіленген жоспарды орындау 4 бағытта жүргізіледі. Ең алдымен Шымкент қаласы әкімдігінің алдында дене шынықтыру және спортпен айналысатын азаматтардың санын жалпы халықтың 50%-ына дейін жеткізу мақсаты тұр. Бұл бойынша 2022 жылғы меже 35,9% болса (396 336 адам), нақты іске асырылғаны – 36.2%-ға (402544 адам) жеткен.