Облыс әкімі Дархан Сатыбалды өңірде мәдени және спорттық нысандарды көбейту, тұрғындардың рухани әлеуетін көтеру бағытындағы жұмыстарды жандандыру жөнінде тапсырма берген болатын. Бұл ретте шалғай елді мекендер ерекше назарда болады.
Осыған орай Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев Жетісай ауданындағы мәдениет, спорт, білім нысандарын аралады. Мақсат — осы салалардағы мәселелерді саралау. Проблемалық нысандарды жөндеу жұмыстарын ақылдасу.
Облыс әкімінің орынбасарымен бірге аудан әкімі Серік Мамытов, Облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Аңсар Өсербаев, Облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Асылхан Темірхан және де өзге де сала басшылары аудандағы әлеуметтік, мәдени және спорттық маңызы бар нысандарда болды. Ондағы атқарылып жатқан жұмыстармен және шешімін табуды қажет ететін мәселелермен танысып, алдағы уақытта қолға алынуы тиіс міндеттерді белгіледі.
Облыс әкімінің орынбасары алдымен Құрманбек Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрына барып, театр саласының қызметкерлерімен кездесіп, ұсыныстарын тыңдады. Ғимарат салынғалы беру күрделі жөндеуді көрмегенін алға тартқан театр жетекшілері жылу мәселесі де ұзақ жылдар бойы шешілмей келе жатқанын, алдағы уақытта осы мәселенің оң шешілуіне ықпал етуін өтінді. Сонымен бірге жүздесуде театрдың репертуарын жаңарту, жас таланттарды ұжымға шақыру мәселелері де сөз болды. Облыс әкімінің орынбасары театр ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін ЖСҚ дайындалып, мемлекеттік сараптамаға ұсынылғанын және қорытынды бойынша тиісті жұмыстар атқарылатынын айтты. Театрға қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Содан соң «Жетісай аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ-не ат басын бұрды. Мұндағы атқарылып жатқан жұмыстармен танысып, кітапханашылардың ұсынысын тыңдады. Кітапхана қызметкерлері 2016 жылдан бері жөндеу жұмыстары жүргізілмегенін нысанға алдағы уақытта күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін қаржы бөлінсе деген тілегін жеткізді. Кітапханашыларға кітапханаға күрделі жөндеу жүргізу бойынша тиісті ұсыныстар енгізілсе, шешімі табылатыны түсіндірілді.
Басшылар Жетісай қаласында орналасқан «Сырдария» спорт кешенінің материалдық техникалық базасымен де танысты. Нысан 2021 жылы қолданысқа берілген болатын. Сала жетекшілері аталған кешеннің заман талабына толықтай сай екендігіне, спорттың бокс, волейбол, баскетбол, қол добы, қазақ күресі, еркін күрес, дзюдо, самбо, қазақша күрес секілді түрлерінен оқу-жаттығу жасауға толық мүмкіндіктер қарастырылғандығын жеткізді. Жаңа ауыл округіндегі «Зувайда ана» балабақшасының жұмысымен танысқан Бейсенбай Дәулетұлы бұл бағыттағы нысандардың толықтай талапқа сай болу керектігін тапсырды. Мектепке дейінгі білім беру мекемелеріне қойылатын талаптар мен қолдаулар туралы баяндады. Кездесулер барысында көтерілген ұсыныстар бойынша жұмыс жүргізіледі.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.