Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев Келес аудандық ауруханасына барды. Ондағы емделіп жатқан балаларды келе жатқан жаңа жыл мерекесімен құттықтып, Ел Президентінің атынан Жаңа жылдық мерекелік сыйлықтар табыстады. Жарқын өмірге сәт сайын қадам басып, дамыған елдің келешегін кемел ететін ұрпақтың бүгінгі таңда барлық жағдайы жасалғандығын айтты.
— Жаңа жыл — ең алдымен, балалар мен бүлдіршіндерге қуаныш сыйлайтын мереке. Мемлекет басшысыны биылғы жылды Балалар жылы деп жарияланған болатын. Оның аясында көптеген жұмыстар жасалды. Елдің болашағы – бүгінгі балалардың қолында. Тілектеріңіздің орындалуын, алдағы жоспарларыңыздың іске асуын тілеймін, — деген Жәнібек Ағыбаев әр балаға зор денсаулық, бақыт, табыс тілеп, мерекемен құттықтады.
Балалар да балдай тәтті тілектерін айтып, періште пейілдерін жеткізді.
Аудан басшысы сондай — ақ аурухана қызметкерлерімен кездесіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Мекеме басшылығына облыс және республикалық деңгейде біліктілікті арттыруға тапсырма берді. Дәрігерлердің қоғамдағы маңызын айта отырып, жұмыстарына сәттілік тіледі.
Естеріңізге сала кетейік, 25 желтоқсанда облыс орталығында Мемлекет басшысының атынан шырша мерекесі өткізілген болатын. Мерекеге жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, ерекше қажеттіліктері бар балалар, әлеуметтік аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан, дарынды және оқуда, спортта, шығармашылықта және т.б. жетістіктерге жеткен балалар шақырылды.