Түркістан қаласында референдумды қолдау мақсатында «Денсаулыққа қарай 10 000 қадам» акциясы ұйымдастырылды. Спорттық шараны «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы Білім беру және денсаулық мәселелері жөніндегі Қоғамдық кеңесі мен Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы бірлесіп өткізді. Алғаш рет өткізілген акцияға Төлеби ауданы, Кентау қаласы, тіпті мегаполис қала Шымкенттен де азаматтар қатысу үшін арнайы келді.
Акцияға облыстық партия филиалының Атқарушы хатшысы Бейсен Тәжібаев, облыстық мәслихат хатшысы Қайрат Балабиев, мәслихат депутаты, кеңес төрағасы Ғалымжан Елшібай қатысып, шараның мақсатын түсіндірді. Заң шығару процессіндегі өзгерістерге тоқталып, шара қатысушыларын алда өтетін референдумды қолдауға шақырды.
— Мемлекет басшысы ұсынған Екінші республика құру идеясы елдің дамуына үлес қоспақ. Конституциядағы өзгерістер мен толықтырулар билік пен халықты барынша жақындатады. Өзім заңгер ретінде әрбір заң баптары мен тармақтарына шолу жасадым. Бұл референдум болашаққа нық қадаммен жету үшін өте маңызды деп сеніммен айта аламын. Сондықтан Жаңа Қазақстан идеясын қолдағанымыз абзал, — деді Қ.Балабиев.
Акцияға облыстық мәслихат депутаттары Қ.Жантөреева, Б.Шойбеков, И.Намазбаева, Н.Атаева, сондай-ақ қалалық мәслихат депутаттары, білім және денсаулық сақтау саласының өкілдері, мемлекеттік қызмет істері департаментінің мамандары, туризм университетінің ұжымы мен студенттері, БАҚ өкілдері, партия белсенділері мен қызметкерлері, жастар, жалпы саны 800-ге жуық азамат қатысты. Оларға қойылған басты талап – 7 шақырым яғни орта есеппен 10 000 қадам жасап, межені орындау болды. «Керуен сарай» ойын сауық орталығынан басталған маршрут Кесене аймағы, Тұңғыш Президент саябағы, Визит орталығын қамтыды.
Акцияның ашылуында сөз сөйлеген Б.Тәжібаев салауатты өмір салтын қалыптастырудағы жаңа бастамаға сәттілік тіледі. Сондай-ақ реформалардың бастауы саналатын референдумды жаппай қолдауға шақырды.
— Қоғамдық кеңестің отырысында «Денсаулыққа 10 000 қадам» акциясын өткізуге шешім қабылдадық. Акция аясында Түркістан қаласында бұқаралық спортты дамыту, спорттық орта қалыптастыруды көздедік. Осы бастама бүгін жүзеге асып, адамдардың денінің саулығын сақтауға, бірқатар аурулардың алдын алуға және жаяу жүру арқылы белсенділікті арттыруға ұйытқы болсақ дедік. Түркі әлемі көз тіккен Түркістанда басталған осы игі дәстүр республиканың басқа өңірлерінде жалғасын тапса, қолдаймыз, — деген Ғ.Елшібай жиналған қауымды референдумда белсенділік танытуға шақырды.
Шара соңында межені орындаған 30 қатысушыға акцияға қатысқаны үшін сертификат табысталды. Олардың арасында 5 жастағы Мансұр Серікбай ең жас қатысушы ретінде марапатқа ие болды.