Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің тұрғындармен кезекті кездесуі Еңбекші ауданында өтті. Есепті жиынға ауданның 3 секторынан ақсақалдар мен белсенділер, жалпы 300-ге жуық тұрғын келген.
Басқосуды қала мәслихатының хатшысы Б.Нарымбетов ашып, жүргізіп отырды. Жиынға депутаттар мен қоғамдық кеңес мүшелері де қатысты.
Кездесуде шаһар басшысы қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы және инженерлік-инфрақұрылыммен қамтылуы туралы баяндап, осы жылғы жоспарларды хабардар етті.
Аудандағы 3 сектор — 15, 16, 17, 18, Сайрам, Теріскей, Күншығыс, Ұлағат, Мирас, Шапағат, Тараз және Солтүстік-Шығыс шағынауданын қамтиды. Аумақтағы атқарылар жұмыстардың барысын аудан әкімі Досбол Есілбек баяндады.
Осы аумақтар ауыз су, табиғи газ және электр қуатымен толық қамтылған. Асфальт жолмен қамтылуы 76 пайызды құрап отыр.
Өткен жылы 57,7 шақырым болған 57 көшеге асфальт төселсе, биылғы жоспар бойынша 132 көше жөнделеді. Ал, 2025 жылға дейін 200 шақырым болған 174 көшені асфальттау көзделген.
Қала мен аумақтың даму бағыты баяндалған соң тұрғындар қала әкіміне сұрақтарын қойды. Ойын алаңшаларын қайта қалпына келтіру, кәріз жүйесін жүргізу мен көшені жарықтандыру мәселесі көтерілді. М.Әйтенов әр сұраққа жеке тоқталып, тұрғындардың мәселесі бойынша тиісті сала басшыларына тапсырма берді.
Жиынның барысы қала әкімдігінің әлеуметтік желідегі ресми парақшасы арқылы тікелей көрсетілім жүргізілді.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.