2016 жылғы 1 қаңтардан бастап «Нотариат туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер енгізілді. Заңдағы жаңашылдық-нотариустарға атқарушылық жазбалар жасау құқығын беру болды. Бүгінгі қоғамда нотариустың атқарушылық жазбаны жасауына сұраныс бар, бұл өз кезегінде мәжбүрлеп орындау рәсімін айтарлықтай жеңілдетеді.
Қазіргі таңда атқарушылық жазбаларын жасау тәжірбиесі қалыптасты, оның жасалуын реттейтін нормаларды іске асырудағы тиімді жақтары мен проблемалары анықталды.
Республика бойынша егер 2016 жылы нотариустар тек 950 атқару жазбаларын жасаған болса, 2017 жылы – 24852, ал 2018 жылы – 253504, яғни бір жыл ішінде Қазақстан Республикасының нотариустары жасаған атқарушылық жазбаларының саны 100 есе артқан.
Қызылорда облысы бойынша нотариустармен жасалатын атқарушылық жазбалар жылдан жылға көбейіп келуде. Бұл деректер даусыз берешектерді өндіріп алудың осындай тәсілінің тиімділігі және оның қоғамдағы қажеттілігін көрсетеді.
Нотариустардың атқарушылық жазбаларын жасауы азаматтық құқықтық қатынастардың негізгі қағидаты – адалдықпен келісіледі, азаматтар мен заңды тұлғалар оларға тиесілі құқықтарды адал, ақылға қонымды және әділ жүзеге асыруына әрекет етуін көрсетеді.
Атқарушылық жазба институты даусыз сипаттағы талаптарды тез және тиімді шешуді қамтамасыз етуге қабілетті маңызды құқықтық құралдардың бірі болып табылады.
Атқарушылық жазба Қазақстан Республикасының Конституциясына және онда белгіленген меншік құқығын қорғау принциптеріне қайшы келмейді.
Бұдан басқа, атқарушылық жазба меншік құқығын қорғаудың халықаралық-құқықтық тәсілдеріне сәйкес келеді және соттарды даусыз сипаттағы істерден босату үрдісіне сәйкес келеді.
Нотариустың атқарушылық жазбаны жасауы сот жүйесінің органдарының жұмысымен алмастырылмайды, алайда даусыз талаптарды шешу процесін жеңілдетеді және жеделдетеді. Бұл ретте нотариустың қол жетімділігі және өндіріп алушының кез келген нотариусқа атқарушылық жазба жасау үшін жүгіну құқығы, сондай-ақ қаржылық шығындарды және атқарушылық жазбаны жасау мерзімдерін қысқарту негізгі артықшылық болып табылады.
Қолданыстағы нотариат туралы заңнама талаптарына сәйкес, борышкерден ақшаны өндіріп алу немесе өзге де жылжымалы мүлікті талап ету үшін нотариус берешекті белгілейтін құжатта атқарушылық жазба жасайды немесе тиісті қаулы береді.
Атқарушылық жазба өндіріп алушыға тиесілі белгілі бір ақша сомасын борышкерден өндіріп алу немесе жылжымалы мүлікті талап ету туралы нотариустың өкімін білдіреді.
Атқарушылық жазба біріншіден егер ұсынылған құжаттар берешектің немесе борышкердің өндіріп алушы алдындағы өзге де жауапкершілігінің даусыз екенін растаса, екіншіден егер талап қою (арыз) құқығы туындаған күннен бастап үш жылдан аспайтын уақыт өтсе, жасалады. Егер атқарушылық жазба берілетін талап үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында өзге ескіру мерзімі белгіленсе, атқарушылық жазба осы мерзім шегінде беріледі.
Өндіріп алушының борышкерге қоятын талаптарының даусыздығы нотариустың атқарушылық жазбаны жасауының негізгі шарты болып табылады және өндіріп алушы берген және қойылатын талаптардың даусыздығын растайтын құжаттар бойынша анықталады. Нотариус ұсынылған құжаттар бойынша талаптардың даусыздығын ғана тексереді.
Нотариус өндіріп алушыдан қарыздың болу фактісін, сондай-ақ оның мөлшері бойынша Тараптар арасында даудың бар-жоғын анықтауға тиіс.
Осыған байланысты өндіріп алушы тиісті құжаттарды, мысалы, берешек фактісінің болуын растау үшін тараптар арасында жасалған шартты: белгілі бір күнге шарт бойынша берешек тараптарының салыстыру актісін, міндеттемені бұзу не борышты тану фактісі бойынша тараптардың хат алысуын немесе т. б. өзара есеп айырысу туралы құжаттарды ұсынуы тиіс.
Борышкер міндеттемені орындауды немесе өндіріп алушының берешектерін бұзуды даулаған кезде, нотариустың атқарушылық жазба жасауға құқығы жоқ және өндіріп алушыға дауды шешу үшін сотқа жүгіну құқығын түсіндіруге тиіс.
Ағымдағы жылы атқарушылық жазбаны жасау тәртібіне келесідей өзгерістер енгізілді.
«Нотариустардың нотариаттық іс-әрекет жасау ережесін бекіту туралы» ҚР Әділет министрінің 2012 жылғы 31 қаңтардағы №31 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Әділет министрінің 2022 жылғы 30 наурыздағы №261 бұйрығы бекітіліп, мемлекеттік тіркеуден өткізілді.
Яғни, аталған ережеснің 221 тармағына енгізілген өзгеріс келесідей:
Заңның 92-1-баптың 2-тармағы 1), 2), 3), 4), 5), 6), 7) және 8) тармақшалардың негізінде атқарушылық жазба, егер шартта өзге мекенжай көрсетілмесе, борышкердің (жеке тұлғаның) тіркелген жері не тұрғылықты жері бойынша, заңды тұлға борышкер болып табылған жағдайда, онда оның тіркелген жері не оның тұрақты жұмыс істейтін органының тұрған жері бойынша жасалады. Бұрын борышкердің тұрғылықты не болмаса тіркелген жеріне қарамастан жасалатын болатын.
Қазақстан Республикасының әртүрлі өңірлерінде тұратын немесе тіркелген ортақтас борышкерлерге қатысты атқарушылық жазба өндіріп алушының таңдауымен борышкерлердің бірінің мекенжайы бойынша жасалады.
Аталған талаптар бойынша атқарушылық жазбаны нотариус оның үй-жайы орналасқан жеріне сәйкес нотариаттық палатамен айқындалған оның қызмет ету аумағы бойынша жасайды.
Заңның 92-1-бабы 2-тармағы 9) және 10) тармақшаларының негізінде өндіріп алушы нотариусқа өтінішті өндіріп алушы мен борышкердің тіркелген жеріне қарамастан береді. Қосымша шығыстарды өндіріп алу туралы талаптарды қоспағанда, «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының Заңында бекітілген кондоминиум объектілерінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға міндетті шығыстарға қатысуға жалтаратын, пәтерлер, тұрғын емес үй-жайлар меншік иелерінен берешекті өндіріп алу туралы міндеттеме бойынша берешекті өндіріп алу үшін: өндіріп алушы куәландырған қызмет көрсету шартының көшірмесі; тарифтерді белгілеу туралы құжаттардың көшірмелері (хаттама, пәтерлер, тұрғын емес үй-жайлар иелері жалпы жиналысының шешімінен үзінді); қызметтер үшін төлем бойынша берешек сомасын есептеу туралы құжат (өндіріп алушы куәландырған берешек сомасының есебімен жеке шоттың көшірмесі немесе өндіріп алушы куәландырған жеке шоттан үзінді көшірме) ұсынылады.
Құжатта берешекті төлеу мерзімі туралы, төлем енгізу жөніндегі міндеттің пайда болу күні туралы, берешек сомасы туралы мәліметтер болады.
Осылайша нотариустардың атқарушылық жазбаларды жасауы жеке және заңды тұлғалардың құқықтарын қорғау барысындағы іс-әрекеттерді жеңілдетеді.
Арал ауданаралық әділет басқармасы.