Бүгін Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының қадағалауымен Бәйдібек би даңғылының 1 тәулікке жабылған бөлігі ағымдағы жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді.
— Жыл сайын көктем мезгілінде жолды күтіп-ұстау жұмыстары жүргізіледі. Алайда, наурыз айында жауын-шашын түсімінің молдығына байланысты жол жөндеу жұмыстары сәуірде басталды. Ағымдағы жөндеу, талапқа сәйкес, жолдың кепілдік мерзімі өткеннен кейін ғана жүргізіледі. Мәселен, Дендросаябақ маңынан Н.Назарбеков көшесінің қиылысына дейінгі Бәйдібек би даңғылының бір бағыты көктемгі жауын-шашыннан жарамсыз күйге түскен еді. Сондай-ақ, жолдың жылжуы байқалған. Осыған орай, ағымдағы жөндеу жүретін бөлікті 1 тәулікке жауып, жолдың жылжыған жиегін қайта қалпына келтіріп, қосымша бөгет жасалды. Жұмысты «ДостықСпецТранс» ЖШС жүргізіп, екі қабат асфальт төсеп шықты. Жөндеуден өткен бөлікке екі күннен соң тиісті жолақ сызылады, — дейді Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Е.Жолдасов.
Мамандардың айтуынша, бір ай ішінде 14 мың шаршы метрді құрайтын 41 магистральді көше ағымдағы жөндеуден өткен. Олардың қатарында, Д.Қонаев, Бәйдібек би, Тәуке хан даңғылы мен Желтоқсан, Түркістан, Б.Момышұлы, Қазыбек би, Дулати көшелері сынды қаладағы ірі 41 көше бар. Бүгінде А-2 айналма жолы мен Темірлан тас жолында ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жауын-шашыннан пайда болған ой-шұңқырлары тегістеліп жатыр.
— Шымкенттегі магистральді көшелердің 95 пайызы ағымдағы жөндеуден өтті. Жөнделіп жатқан магистральді көшелердің басым бөлігі, яғни 19 көше қаланың орталық ауданы саналатын Әл-Фараби ауданында орналасқан. Сондай-ақ, Абай ауданына қарасты ¬¬— 9, Еңбекші ауданынан – 8, ал Қаратау ауданынан 5 көше жөнделді. Екінші кезекте, маусым айынан бастап қаланың ішкі орамды көшелерінде ойық-шұңқырларды жамау жұмыстары атқарылады. Жалпы, жыл бойы қала көшелеріне күтім жасау үшін бюджеттен 520 млн теңге көлемінде қаржы қарастырылған, — дейді Ержан Жақсылықұлы.
Айта кетейік, биыл басқарма тарапынан қала көлемінде 63 аялдама орнатылған. Олардың қатарына Абай ауданындағы – 14, Қаратау ауданындағы — 18, Еңбекші ауданындағы – 26, Әл-Фараби ауданындағы 5 аялдама кіреді.
«Шымкент келбеті» — Замира АЛДАБЕРГЕНОВА
Суреттерді түсірген Серік ҚОСАЕВ