Ерекше іс жүргізу тәртібімен заңдық маңызы бар фактілерді анықтау өздерінің құқықтары мен мүдделерін іске асыруды қамтамасыз ететін азаматтар үшін де, мемлекет үшін де маңызды болып табылады, себебі заңдық маңызы бар фактілерді анықтаудың сот тәртібін белгілеу кезінде заңсыз жеңілдіктер мен мүліктік пайда көру мақсатында құқықтарды теріс пайдалануға жол берілмейді.
АПК-нің 306-бабына сәйкес сот арыз берушінің заңдық маңызы бар фактілерді куәландыратын тиісті құжаттарды өзге тәртіппен алуы мүмкін болмаған кезде не жоғалған құжаттарды қалпына келтіруі мүмкін болмаған кезде ғана осы фактілерді анықтайды.
Арызды қабылдаған кезде сот арыз берушіден фактіні анықтауда заңдық мүддесін анықтау, арыз берушіден осы фактіні куәландыратын тиісті құжаттарды алуы мүмкін еместігін не жоғалған құжаттарды қалпына келтіруі мүмкін еместігін растайтан жазбаша дәлелдерді талап етуі қажет.
Егер қолданыстағы заңнамада оларды анықтаудың басқа (соттан тыс) тәртібі қарастырылса, сот АПК-нің 151-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасына сәйкес жағдайда арызды кері қайтарады. Арыз қателесіп қабылданған және іс қозғалған жағдайда АПК-нің 277-бабы 1) тармақшасының негізінде іс жүргізу тоқтатылады.
Еңбек қатынастары фактілерін анықтау туралы істер бойынша, әдетте, сотқа зейнеткерлер немесе зейнеткерлік алдында жастағы тұлғалар шағымданады, олар өкілетті мемлекеттік органдарға шағымданғанда зейнетақы тағайындау кезінде еңбек кітапшасындағы деректерде тегі, аты, әкесінің атында айырмашылықтар болғаны немесе еңбек кітапшаларында өзгертулер болғаны, немесебір ұйымда еңбек қызметі туралы жазулары болмаған кезінде шағымданады.
Заңдық маңызы бар фактілерді анықтау туралы істерді қарау практикасы негізінен бірізді екендігін, берілген дәлелдемелерге байланысты көрсетілген санаттағы істер дұрыс қаралатыны байқалады.
Нулифар САЛЕН,
Түркістан облысы,
Арыс аудандық сотының бас маман-сот отырысының хатшысы.