Шымкент – республикадағы үшінші мегаполис екенін ескерсек, қаланың таза, әдемі әрі жасыл желекке оранып тұруы әрбір тұрғынның сүйіспеншілігі мен жанашырлығын қажет етеді. Сондықтан тазалық мәселесі алдыңғы орында болуы заңдылық.
Ауланы ретке келтіріп, ұқыпты ұстау санитарлық талаптың, сондай-ақ, мәдениет пен талғамның белгісі. Дей тұра, өз үйінің ішкі жинақылығымен ғана шектелетіндер бар. Себебі, қоқысты көшеге төгетін, үйдің жоғары қабатынан далаға лақтыратындар да кездеседі. Арнайы белгіленбеген орындарға қоқыс тастай салатындар да бар.
Осыған сәйкес, шымкенттік полиция қызметкерлері қаланың сәулеттік келбетіне кері әсерін тигізіп, көше бойына қоқыс тастаған жайттарды анықтау мақсатында профилактикалық іс-шаралар жүргізіп жатыр.
Әл-Фараби аудандық полиция басқармасының учаскелік полиция инспекторлары Жангелдин көшесі бойына қоқыс шығарып, абаттандыру қағидасын бұзған азаматқа ҚР ӘҚБтҚ-нің 505-бабына сәйкес әкімшілік хаттама толтырылып, ескерту жасады.
Шымкент қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері шаһар тұрғындары мен қонақтарына тазалықты сақтауға шақырады, сондай-ақ, абаттандыру қағидаларын бұзған азаматтар әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын ескертеді.
Мұның барлығы да тұрғындардың заң талаптарын сақтап, құқықбұзушылықтың алдын алу жолындағы жасалып жатқан оң тірліктер.