Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза қала» акциясын қолдап, оны барлық жерлерде дәстүрге айналдырып, тазалықты сақтауды қамтамасыз етудің бір тетігі ретінде ұсынған еді. Содан бері Шымкент қаласында бұл бастама дәстүрлі шараға айналған. Миллионнан астам тұрғыны бар қаланың төрт ауданында да ерте көктемнен бастап бұл акция үнемі өткізіліп келеді. Тазалық акциясына қала жастары белсенді қатысады.
Шаһар әкімінің қала аумағындағы санитарлық тазалық жұмыстарын жандандыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес Шымкент қаласы Қаратау ауданы әкімі А.Әліқұлов бүгін аудан аумағындағы кезекті тазалық акциясын өткізді.
Аталған іс-шара Қаратау ауданы әкімі аппараты және «Жасыл ел» жастар еңбек жасағымен бірге ұйымдастырылды. Іс-шараның басты мақсаты – тазалық жұмыстарын насихаттау, халық арасында қоқыс тастамау мәдениетін қалыптастыру.
Кезекті тазалық акциясы барысында «Нұрсәт» тұрғын алабындағы үйлер аулалары мен аллея қоқыстан толығымен тазартылды. Іс-шараға 40 ерікті (волонтер) жастар мен аудан әкімі аппараты қызметкерлері, мердігер мекемелер қатысты.
Айта кетейік, «Жасыл ел» жастар еңбек жасағы студенттердің материалдық және әлеуметтік мәселелерін шешу, жастарды еңбекке баулу, жұмысқа деген ынтасын ояту және бос уақыттарын тиімді пайдалану мақсатында құрылған жоба.
«Таза қала» тазалық акциясының басты мақсаты – осы акция арқылы қаладағы арқылы экологиялық жағдайды жақсарту, шымқалалықтарды тазалық мәдениетіне, жауапкершілікті сезінуге дағдыландыру болып табылады.
«Newqazaq.kz» ақпараттық порталы.