Қазіргідей пандемияның кесірінен әлеуметтік мәселелер қиындап тұрған кезде халықпен дұрыс сөйлесіп, дұрыс жұмыс істеудің мәні зор. Қоғамдағы келісімнің өзі билік пен халықтың арасындағы түсіністік пен бір-бірімен дұрыс қатынас ұйымдастыра алуға да байланысты. Президент те Жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мен « халық қатысатын бюджет» туралы бекер айтқан жоқ.
Шымкент қаласының әкімдігі қала әкімінен бастап барлық басшылық орындардағы шенеуніктер халықпен жиі кездесіп, онлайн қабылдаулар өткізіп тұрғындардың өтініштеріне құлақ асуда. Екінші жағынан мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері жұмысымен келген қала тұрғындарын мәдениетті түрде қарсы алып, түсіністікпен сөйлесе білуі де маңызды.
Сол себепті де Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты он мекеменің 146 әлеуметтік сала қызметкері кәсіби біліктіліктерін арттыру мақсатында семинар-тренингке қатысуда.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп ұйымдастырылған семинардың басты мақсаты – халықпен тікелей қарым-қатынаста жұмыс істейтін сала мамандарының кәсіби шеберлігін шыңдау. Себебі халықтың әлеуметтік осал топтарымен жұмыс жасау барысында түрлі жағдайларда азаматтармен дұрыс қарым-қатынас жасай білу маңызды рөл атқарады.
Семинар-тренинг карантиндік талаптарды сақтау мақсатында ZOOM желісі арқылы онлайн өтіп жатыр. Мамандардың жұмыс сапасы мен біліктілік деңгейі алдағы уақытта да бақылауға алынып, мұндай іс-шаралар жалғасын табатын болады.