Мемлекет басшысы халықтың ұлттық коды мықты болса, оның бәсекеге қабілеттілігі де жоғары болатындығын айтқан болатын. Ал ұлттық код туған тіліңмен, ұлттық салт-дәстүрмен сусындағанда мықты болмақ. Сондықтан да қазақы қаймағы бұзылмаған Шымкент қаласында ұлттық салт-дәстүр ерекше құрметтеледі.
Жас ұрпақ та сол ұлттық қасиетін шыңдай түсуі, терең тани түсуі үшін барлық жағдай жасалған. Қаладағы ұлттық құндылықтарды насихаттаумен қатар, арнайы жасақталған этноауылда қазақы салт-дәстүр, әдет-ғұрып, дәстүрлі тағамдар және басқалары үнемі насихатталып отырады. Сол арқылы жастардың ұлтын, Отанын сүю тәлімі қалыптасады.
«Shymqala» этноауылында «Биебау» этно-танымдық шара онлайн форматта өтті. Аталған шарада қазақ халқының ұлттық сусыны – қымыздың құндылығы насихатталып, әрі ұмытылуға айналған ұлттық мерекені жарыққа шығару жолдары көрсетіліп, жас ұрпаққа салт-дәстүрлеріміздің мән-мағынасы кеңінен таныстырылды.
Шымкент қалалық Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының ұйымдастыруымен іс-шара аясында биені сауудағы атқарылатын ғұрыптар, қымыз дайындау процесі көрсетілді. Әдет-ғұрыпқа жетік әжелер мен орталық қызметкерлері «Биебау» дәстүрінен көріністер қойды. Сонымен қатар қолөнер шеберлерінің көрмесі, әйелдер арасында «қатын күрес» ойыны, балаларға «асық» ойындары, «мешкейлер» сайысы өтті. Үлкендер қымыздан дәм татып, келелі әңгіме айтты. Іс-шара соңы «Алтыбақан» ойын-сауығына ұласты.
Бұл этно-танымдық шараның толық нұсқасын алдағы уақытта «Оңтүстік» телеарнасынан және орталықтың әлеуметтік желі парақшаларынан көре аласыздар. Отбасымен бірге отырып көріп, ұрпақтарыңызға ұлттық қасиеттерді егу үшін этнотанымдық шараларды үнемі бірге көріңіздер.