Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында азаматтарды құқықтық жағынан қорғау, құқық бұзушылықтың алдын алу үшін «Заң үстемдігі орнықпаса және азаматтардың қауіпсіздігіне кепілдік берілмесе, әлеуметтік-экономикалық дамудың бірде-бір міндеті табысты жүзеге асырылмайды. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» – бұл, шын мәнісінде, «Әділетті мемлекет» құру тұжырымдамасы. Азаматтардың мәселелерін тыңдап, көріп қана қою жеткіліксіз. Ең бастысы – дұрыс және әділ шешім шығару қажет. Азаматтар мүддесіне қызмет ететін мемлекеттің жаңа стандарттарын әзірлеу үшін көп жұмыс атқаруымыз керек. Осы тұрғыда құқық қорғау және сот жүйелеріне негізгі рөл жүктеледі», деген болатын.
Шымкент қаласының құқық қорғау органдары азаматтардың құқықтарын қорғау мен құқық бұзушылықтың орын алуына жол бермеу үшін тынымсыз еңбек етуде. Қазіргі кезде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында 14 маусым мен 13 шілде аралығында «Зорлық-зомбылықсыз 30 күн» акциясын өткізуде. Акцияның әр күні белгілі бір шараларды жүзеге асыруға арналған. Шымкенттік құқық қорғаушылар тұрғындарға отбасының қоғамдағы рөлін нығайту, зорлық-зомбылыққа қарсы шаралармен таныстыру, құқықтық ақпараттар беру сияқты жұмыстарды жүзеге асыруда.
Таяуда Шымкент қалалық Полиция департаментінің аудандық басқармалалрдағы әйелдерді зорлықтан қорғау тобының инспекторлары «Сана сезім» және «Самғау сенім» сияқты ійелдерді қорғау, күйзелістен құтқару қоғамдық орталықтарымен бірлесіп акция
барысында Тұрғындарды жұмыспен қамту орталығында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, оған қалай қарсы тұру, отбасында оны болдырмау бағытында түсіндіру, кеңес беру жұмыстарын жүргізді.
Отбасылы тұрғындармен, оның ішінде әйелдермен кездесіп әңгімелесу барысында топ мүшелері көптеген мән-жайдың бетін ашып, азаматтардың құқықтық сауатын ашуына септік етті. Олардың өз құқтарын біліп қана қоймай оны құрметтеп, пайдалана білуінің маңыздылығын түсіндірді. Сол сияқты акция барысында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған жағдайда қалай әрекет ету, қайда бару, қалай қорғану жайындағы ақпараттық парақшалар да таратылды.
Акция барысында әйелдер мен балалардың құқығын қорғау, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол бермеу бағытындағы жоспарлы іс-шаралар жалғаса беретін болады.